- Неліктен Алдар Көсе жайлы толықметражды фильм түсіруге бел будыңыз?
Өйткені Алдар Көсе ең бірінші сериалы халыққа ұнамды болды. Әлі күнге дейін көрсетіліп келеді. Кейіпкерді басқа қырынан танытуға бел будық. Алдар Көсе біздің аңызымыз және ұлттық құндылықтарға жатады. Алдар Көсе кейіпкерінде көптеген жақсы жақтар бар. Фильмде ең біріншіден жақыныңа көмектесу, кішкентай адам болса да үлкен ерліктерге бара алу, қандай жағдай болса да мойымау, тұрмыстық қағидаларға байланбау сынды үлкен тақырыптар қозғалады. Қазіргі біздің кинематографияда біздің ертегілер, аңыздар өте аз насихатталады. Ол өсіп келе жатқан ұрпаққа өте керек дүние. Сондықтан осы фильмді түсіруге бел будық. Кезінде Шәкен Айманов Алдар Көсені түсіргені бекер емес қой, ол бұл тақырыптың халыққа керек екенін білді. Сондықтан бізде араға 60 жыл салып, Алдар Көсені жаңғыртып, бүгінгі көрермен талабына сай қылып түсіруге бел будық.
- Фильм қай жанрда түсірілді?
- Фильм тарихи аңыз жанрында түсірілді. Бұл бұрынғы Алдар Көсенің әңгімелерінен өзгеше. Өйткені мұнда бір үлкен тарихи оқиға баяндалады. Бірақ бұл аңыз болғандықтан нақты тарихи оқиғаларға негізделмеген. Ойдан шығарылған, фантастикалық бағыты бар тарихи аңыз жанры.
- Фильмге толық қанша қаражат жұмсалды?
Фильмге шамамен 500 миллионға жуық қаражат жұмсалды. Өзіміз олай жоспарламаған едік. Бірақ тарихи болғаннан кейін, осындай қаражат жұмсалуы керек болды. Өйткені біз бәрін қазақ үйлері болсын, киімдері болсын бұрынғы заманға сай таңдалынды. Локация жағынан фильм Алматы, Жетісу облысында түсірілді. Яғни бұрын-соңды кино түсірілмеген жерлер таңдалды. Өйткені көрерменге жауыр болған жерлерде емес, жаңа жерлерді көрсетуге ниеттендік.
- Қазақстанда түсірілген тарихи фильмдерді қалай бағалайсыз?
Қазақстанда тарихи фильмдер түсіріліп жатыр. Бірақ өте аз. Ең біріншіден бұл қаражатқа байланып тұрған дүние. Өйткені өзіміз түсіргеннен кейін, көп нәрсені көрдік. Тарихи фильмге өте үлкен қаржы керек. Ал, ол қаржының ақталуы екінші мәселе. Сондықтан жәй-жәй келе жатырмыз.
- Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!