Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Алып қашты: Шерхан Қалмырзаның анасы сұхбат берді

Шерхан Қалмырза. Бұл – соңғы аптада футболсүйер қауым ең жиі іздеген есімдердің бірі. «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы клуб сапында бір апта бұрын дебютін өткізді, артынша Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Спортингпен» матчта қақпа күзетті. Жұрт даурығып Шерханды зерттеп бастағаны сол еді, көпшіліктің назарына бірден оның анасы Сәуле Рабаева да ілікті. Жастығымен де, сұлулығымен де көпті баурап алған тәрізді. Бірақ Сәуленің өзі назарда болғанды ұнатпайтынын айтады, десек те ұлы жайлы берген сұхбатын 1bol.kz-ке сілтеме жасап жариялаймыз.

Алып қашты: Шерхан Қалмырзаның анасы сұхбат берді
Фото: sportskz.24

– Сәуле, ұлыңыз жақында «Қайрат» сапында дебютін өткізді. Одан қалды клубпен бірге тұңғыш Чемпиондар лигасында «Спортингпен» матчта қақпа күзетті. Бірақ жұрттың назарына Шерханның өзі ғана емес, сіз де іліктіңіз. Әлеуметтік желілер мен баспасөз бетінде сізге қатысты жылы пікірлер айтылып жүр, сұлулығыңызға тамсанып жатқандар көп. Мұндай назарды қалай қабылдадыңыз?

– Шыны керек, мен назарға ұмтылатын жан емеспін. Телевизия саласында продюсер болып, 15 жылдай еңбек еттім. Нұрлан Қоянбаев ағамыздың бағдарламасында да жұмыс істедім. 2018 жылы кино да түсіріп көрдім. Бірақ ешқашан назарда болуға ұмтылған емеспін, мен үшін басты байлық – балаларымның тәрбиесі. Энергиямды, уақытымды соларға арнаймын. Себебі бала – ең үлкен жауапкершілік. Әр ата-ана оны дүниеге әкелген соң, адам қылып қалыптастыруға міндетті. Бұл жолда маған қолқанат болған – өз әке-шешем. Әкем Еділхан Рабаев – футболға жақын, кезінде өзі де ойнаған әрі бапкер болған кісі. Шерханның спортқа қадам басуына да себепкер – сол кісі. Бүгінде өзі балаларды жаттықтыратын жеке мектебі бар.

– Шерханның спортқа деген алғашқы қызығушылығы қалай басталды?

– Ол кішкентайынан өте ширақ, спортқа бейім болды. 4 пен 7 жас аралығында джиу-джитсуға қатысып жүрді. Шерханның кішкентайынан бойы ұзын, денесі ірі болды, жарыстардың бірінде оны өзінен бірнеше жас үлкен балалармен жекпе-жекке шығарды, екеуін жеңді, сөйтіп 12 жасар қарсыласынан ұтылып қалып, әбден ызаланып жылағаны бар. Ашуым келіп, баламды үйірмеден әкетіп қалдым, бөтен біреудің әділетсіздігінің құрбаны болғанын қаламадым, әйтпесе жап-жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген.

Жарыстан келген соң әкем немересін футболға беруді қалайтынын айтты. Біздің әулетте ұл бала жоқ, үш қызбыз. Бірақ әкем маған кішкентайымнан футбол ойнауды үйреткен. Өзім спортқа құмар болсам да, кәсіби жалғастыра алмадым. Кейін 18 жасымда тұрмысқа шықтым, Шерханның әкесі алып қашып кетті, алайда көп ұзамай айырылыстық, жаспыз, екеуміз де баламыз.

Шерханның әкесі бокстан кадеттер арасында әлем чемпионы атанған талантты жігіт еді, дегенмен ажырасқан соң баланың тәрбиесіне де, өміріне де араласқан емес. Сөйте тұра спортқа бейімділігі әкесінің де қанымен берілген шығар деп ойлаймын.

– Қақпашы болуды өзі қалады ма?

– Басында орталық қорғаушы болып ойнайтын. Гол кіріп кетсе, ашуланып қақпаның қасына барып тұрып алатын көрінеді. Бапкері байқап, қақпашы болуды ұсынған. Бірақ ол: «Анам менің футболшы болғанымды армандаған» депті. Бапкері маған қоңырау шалып, рұқсат сұрады. Сонда балама: «Шерхан, сен үшін ештеңені шешпеймін. Мен тек сенің қолдаушыңмын, ең үлкен жанкүйеріңмін. Өмірлік таңдауларыңды өзің жасауың керек» дедім. Сол кезден бастап оның әр шешіміне құрметпен қараймын.

Жас болса да мен ұлдарымды ер азамат деп қабылдаймын. Ұл тәбиелеп отырған соң олармен «еркекше» сөйлесетін кездер де болады. Себебі ұл бала кішкентайынан жауапкершілік дегеннің не екенін түсініп өсуі қажет.

– Футболға қадамын Астанада бастады, ал «Қайрат» академиясына қалай шақыртылды?

– Алғаш рет 12 жасында шақыртты. Бірақ ол кезде дайын емес еді. Кейін 14 жасында тағы да ұсыныс түсті, сол жолы өзі шешім қабылдап, «Қайратқа» барды. Шерхан кішкентайынан табанды болды, команда капитаны болып, қақпасын құрғақ ұстайтын. Көпшілік «егер гол соғылмаса – қақпада Шерхан тұр деген сөз» деп айтатын. Біз де Алматыға қоныс аударып, оның жанынан табылдық. Қазір ол университеттің 2-курс студенті, ал алаңда – «Қайраттың» негізгі құрамының жас қақпашысы.

– Көпшілік оны «Селтикке» қарсы матчтан кейін таныды. Әлеуметтік желіде түрлі талқылау болды. Сол сәттегі эмоциясын сіз қалай қабылдадыңыз?

– Ұлым алаңда мүлде басқа кейіпке енеді. Үйде мейірімді, жұмсақ мінезді болса, алаңда өзім танымай қаламын, өзгеріп кетеді. «Темірлан Анарбеков жарақат алды» деген сәтте уайымдап кетті. Себебі Темірланды ағасындай көреді. Екеуі бір бөлмеде жататын, Темірлан да оны інім деп бауыр тартады, өте тәрбиелі, кішіпейіл жігіт. Бұл Шерханның қобалжығаны немесе қорыққаны емес, Темірлан үшін уайымдамағаны болатын. Жалпы, қасындағылардың қай-қайсысы да жарақат алса, кәдімгідей уайымдап кетеді.

– Негізгі құрамдағы дебюті «Ақтөбемен» ойында өтті. Алаңға шыққанда қандай сезімде болдыңыз?

– Сол күні біз отбасымызбен оңтүстікке тойға кеткенбіз. Әке-шешемді тойға қалдырып, өзім құран бағыштап, дұға ету үшін Түркістанға аттандым. Үнемі: «Жаратқан, баламды абыройлы ет, ешкімге қол жайдырма» деп тілеймін. Сол сәтте телефоныма Шерханның алаңға шыққаны туралы хабарлама келді. Матчты көре алмадым, дұға етуді жалғастыра бердім. Кейін «Қайрат» жеңіп, ұлым қақпасын құрғақ ұстағанын естігенде қуанышымда шеек болмады.

– Дебютті қалай атап өттіңіздер?

– Мен эмоциямды сыртқа шығара бермеймін, сабырлы жанмын. Бірақ Шерхан матчтан кейін видеоқоңырау шалып: «Дебют жасағанымда бәріңіз кетіп қалыпсыздар ғой» деп күлді. Негізі «Қайраттың» барлық матчына баратынбыз. Сол күні шынымен де ешқайсымыз алаңда болмадық. Кейін «Жеңіспен» өткен кездесуді отбасымызбен алаңда отырып тамашаладық.

– «Спортингпен» кездесуге Шерханның баратыны белгілі болды. Ұлыңыз сапарға аттанар алдында не айтты? Қобалжу болды ма?

– Басында бәріміз бұл матчта Анарбеков ойнайды деп ойлағанбыз. Темірлан өте талантты жігіт, жаттығуда да соны көріп жүретінмін. Үнемі оған: «Бағың ашылады, әлі-ақ жұлдызың жанады» деп айтатынмын, дұғама да қосып жүремін. Өкінішке қарай, жарақат алып қалды. Бұл спортшы үшін ауыр соққы, әсіресе моральдық тұрғыдан. Хабарын ести сала өзіне қоңырау шалдым, сөйлесе алмасам да, хабарлама жазып жібердім. Тезірек сауығып кетсін деп тіледік.

Шерхан көп сөйлей бермейді. Португалияға аттанарда: «Мама, уайымдамаңыз. Өз-өзіме сенімдімін, бәрін өзіңіз де білесіз» деді. Маған керегі де сол сөз еді. Сосын бетінен сүйіп, ақ батамызды беріп шығарып салдық.

Әйтсе де «Спортингпен» ойында жарақат алып қала жаздаған сәтте жүрегім аузыма тығылғандай болды. Тіпті көзіме жас келді. Үйге келген соң да жағдайын қайта-қайта сұрап отырдым. Ол болса: «Ештеңе етпейді» деп жұбатты. Бірақ төрт гол соғылғанына қатты қынжылды. Біз тек демеу беріп, жігерлендіруге тырыстық. Ана үшін қолынан келетіні – баласына сенім артып, тілекші болу.

– Иә, бірақ кейде ата-ана баланы жақсы көру мен шектен тыс өбектеуді шатастырып алып жатады. Әсіресе анаға ұлды ер азаматқа тән мінезбен өсіру қиын шығар...

– Шерхан әжесінің ерекше еркесі. Бірақ әке-шешем балалардың тәрбиесіне араласқан емес. Өзім қаталдық пен мейірімділікті қатар ұстандым. Бір ғана жағдай есімде: ол төрт жасында ауладағы үлкен баламен төбелесіп қалды. Көріп отырдым, бір кезде жылап қасыма келді. Сонда: «Егер тағы да жылап келсең, өзім ұрамын» дедім. Сол күннен бастап ешқашан «таяқ жедім» деп шағымданған емес.

Жалпы, екі ұлыммен де әрқашан дос ретінде сөйлесемін, сырлас болуға тырысамын.

– Еркелетесіз бе?

– Әрине. Көп құшақтап, көп сүйемін. Өйткені бала мейірім көріп өсуі керек. Ол үйде қаншалықты махаббат сезінсе, ертең өз отбасына да соншалық мейірімді болады. Біз үшін «Сені жақсы көремін» деген сөзді айту ауа жұтқанмен тең.

Шерханның сүйіктісі бар. Ол да еркелейді, «мама» деп атайды.

– Әлеуметтік желіден бойжеткеннің Самат Смақовтың қызы екенін білдік...

– Иә, сөйте тұра өте қарапайым, тәрбиелі қыз, отбасымызбен етене араласып кеттік. Шерханның алғашқы қадамдарында қасында болып, демеу берді. Автобуспен, метромен жүрген кездерінде де жанынан табылды. Сондықтан мен оны қатты сыйлаймын. Жақсы араласамыз, анасымен құдағидан гөрі жақын құрбыдай болып кеттік.

– «Спортингпен» кездесуден кейін Шерханды көпшілік мақтап жатты. Тіпті шетелдік басылымдар да оның жас болса да, барын салып ойнағанын атап өтті. Шерхан мұндай мадақты қалай қабылдады?

– Шерхан ондайды оқымайды да, қарамайды да. Әлеуметтік желідегі мақтауларға да мән бермейді. Қайта қақпасын құрғақ ұстай алмағанына қынжылды. Біз кішкентайынан балаларымызға кішіпейілділік пен қарапайымдылықты үйреттік. «Даңқ та қалады, атақ та, ақша да қалады. Бірақ халықтың алғысы мен жақсы сөзі – мәңгілік» деп айтып отырамын. Сондықтан ол мақтаудан гөрі сынға көбірек мән береді. Осыдан соң берген тәрбиемнің, атасы мен әжесінің көрсеткен өнегесінің нәтижесін көріп, іштей қатты қуандым.

– Өкінішке қарай, небір таланттардың өзіне сол жауапкершілік пен тәртіп жетіспей, жарты жолдан қалып қойып жатады...

– Шын мәнінде бәрі бала кезден басталды. Шерхан жеті жасынан бастап спорт мектебіне өзі барып жүрді. Біз қаланың шетінде тұрдық, жаттығуға жету үшін екі автобусқа мініп, соңынан он бес минут жаяу жүру керек еді. Қыстың қақаған аязында да бір күн қалдырмай барды. Мен әуелі қасында жүрдім, кейін үш күн бойы артынан аңдып, қалай жететінін бақыладым. Содан кейін өз бетімен жүретін болды. Сол сәттен бастап мен оны «дербес тұлға» ретінде қабылдадым.

Жаттығуға әрқашан бірінші болып келетін. Тіпті бірде бапкері: «Кейбір балаларды ата-анасы көлікпен әкеледі, бірақ бәрібір кешігеді. Ал Шерхан қаланың сыртында тұрса да, бірінші болып келеді» деп мақтап еді. Міне, осы кішкентай қадамдар оның бойына тәртіп пен жауапкершілікті сіңірді.

– Әлеуметтік желіде біреулер Шерханды «қалталы отбасынан екен» деп жазып жатыр еді...

– Ондайды мен де оқыдым, мен туралы да неше түрліні жазған екен. Кейде адамдар мәселенің мән-жайына бармай-ақ жаза береді. Мен ұлымның өмірдің салмағын ерте сезініп өскенін, ертеңгі күні қиындыққа төтеп бере алғанын қаладым.  

Ұлдарымды тым еркелетіп жібермей, бірақ мейірімнен де айырмай өсіруге тырыстым. Өйткені мен үшін ең бастысы – баламның жеке тұлға болып қалыптасуы.

– Енді сізден бала тәрбиесіне қатысты кеңес сұрайтын аналар көбейетін секілді. Басқа аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең маңыздысы – балаңа сену. Өйткені дәл сол сенім баланы өмірге дайындайды. Өкінішке қарай, қазір көп ата-ана баласын өзіне байлап қояды. Ол не дами алмайды, не дербес тұлға болып қалыптаса алмайды, сосын өмірден өзін таба алмай жүреді. Сондықтан әрбір ана баласына дербестік сыйлауы керек.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату