Шенген аймағы — бұл Еуропаның 29 елі, олардың арасында төлқұжат бақылауынсыз еркін қатынауға болады. Бұл аймаққа Аустрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Германия, Греция, Дания, Исландия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Мальта, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Швеция және Эстония кіреді.
Шенген визасының қандай түрлері бар және ол қанша тұрады?
• Single-виза — бір реттік сапарға арналған виза түрі.
• Multi-виза — көп мәрте кіруге мүмкіндік беретін виза.
Сіз виза алуға алғаш рет өтініш беріп отырған болсаңыз, оны сіз көрсеткен кіру және шығу күндеріне ғана беруі ықтимал. Ал келесі жолы бір айдан үш жылға дейін виза алу мүмкіндігіңіз бар.
Құжаттарды тапсыру үшін сізге:
• Виза алымы: 48 420 теңге (90 €).
• Қызмет көрсету алымы: 16 815 теңге (VFS Global арқылы өтініш берген жағдайда) төлеу қажет.
Жоспар құрып, құжат тапсыруға елді таңдаңыз
Маршрутты жоспарлаудан бастаңыз. Қазақстандықтардың көбі билеттерді «бару және қайту» форматында рәсімдеуді жөн көреді. Мысалы, Астана—Прага—Астана, содан кейін Прагадан басқа қалаларға аттанады. Алайда мұндай маршруттың кемшіліктері бар. Мәселен, бастапқы қону нүктесіне қайту үшін қосымша уақыт пен ақша жұмсауға тура келеді.
Бір қалада екі рет тоқтаудың орнына, көп бағытты билет таңдаған дұрыс. Мысалы, Прагаға ұшып барып, кері қайтқанда Брюссельден Стамбул арқылы Астанаға оралыңыз. Осылайша, сіз уақыт үнемдеп, көбірек жаңа жер көресіз.
Негізгі ереже: ең көп боламын деген мемлекеттің визасын рәсімдеңіз. Бұл негізгі ел ережесі деп аталады. Мысалы, сіз үш күн Италияда, бес күн Испанияда және екі күн Венгрияда болуды жоспарласаңыз, онда визаға өтінішті Испания елшілігіне тапсыруыңыз керек.
Ал барлық елде бірдей күн қалатын болсаңыз, онда бірінші ел ережесі қолданылады. Яғни, Шенген аймағына кіретін алғашқы елдің консулдығына визаға өтініш беру қажет.
Мұқият болыңыз: 2025 жылдан бастап Еуропа одағы Entry/Exit жүйесін іске қосады, енді сапарлар бақылауда болады. Сіз Германия визасын алып, бірақ ол жаққа бармасаңыз, бұл келесі жолы виза алуыңызды қиындатуы мүмкін.
Құжаттарды дайындаңыз
Қай елге баратыңызды таңдағаннан кейін елшіліктердің ресми сайттарынан қажет құжаттар мен рәсімдер туралы ақпаратпен танысыңыз. Көптеген ел VFS Global делдалдық қызметін пайдаланады. Мекеме визалық құжаттарды қабылдап, оларды елшіліктерге өткізеді және қосымша комиссия (жоғарыда жазып кеттік) алады. Кейбір елшілік басқа елдер үшін де құжаттарды қабылдайтынын айта кетейік. Мысалы, Астанадағы Аустрия елшілігі Бельгия, Венгрия, Люксембург, Нидерланд, Португалия мен Словения үшін виза өтініштерін қабылдайды.
Шенген визасына қажет құжаттар
Одан кейін құжаттарды дайындау қажет, олардың талаптары әр түрлі ел мен визалық орталықтарда өзгеше болуы мүмкін. Шамамен тізім келесідей:
• Паспорт — сапардан кейін де кемінде 6 айға жарамды болуы керек.
• 3,5×4,5 см сурет — ақ фонда, екі дана. Фотосалонда олардың Шенген визасына қажет екенін айтуды ұмытпаңыз.
• Сақтандыру — кемінде 30 000 еуро болуға тиіс.
• Сауалнама — ағылшын тілінде толтырыңыз. «Шақырушы тарап» бөлімінде ең ұзақ болатын қонақүйді көрсетіңіз. Сондай-ақ қазақстандық паспорт нөмірлері «N» әрпінен басталатынын ұмытпаңыз. Мысалы, N12345678.
• Қонақүй броньдары — Booking.com немесе Airbnb арқылы брондауға болады. Бірақ кейбір елде (мысалы, Грецияда) тек толық төленген броньдарды қабылдайды.
Саяхатшының көбі визаны алу үшін бір қонақүйді брондап, кейін оны басқа тұрғын үйге ауыстырады. Бірақ бұл визаның кері қайтарылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан сапар кезінде шынымен тоқтайтын қонақүйді брондаған дұрыс. Виза алғаннан кейін броньды өзгертсеңіз, елшілікті электрондық пошта арқылы хабардар етіңіз.
Жұмыс орнынан анықтама — онда лауазымыңыз, жұмыс өтіліңіз және жалақы мөлшері көрсетілуі керек. Сондай-ақ құжатта сапар кезінде сізге демалыс берілетіні туралы ақпарат көрсетілсе, тіпті жақсы. Онсыз, мысалы, Аустрия елшілігі өтінішті қабылдамауы мүмкін.
Банк шотының көшірмесі — онда кейінгі алты айдағы қаражат есебін және сапарға жететін қаржы бар екенін көрсетіңіз. Адам басына күніне шамамен 100 еуро деп есептейсіз.
Кейбіреулер көшірмені алу үшін уақытша ақша салып қояды. Бірақ біз бұлай істеуге кеңес бермейміз. Консулдар бұл тәжірибеден хабардар, сондықтан бас тарту ықтималдығы жоғары. Оның орнына бірнеше шоттан үзінді көшірме ұсыныңыз, мысалы, депозиттік және жалақы картасынан көшірме алыңыз.
Қосымша құжаттар — төлқұжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі, балалардың туу туралы куәлігі, неке қию туралы куәлік, жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттар (түпнұсқадан көшірілген). eGov арқылы алынған құжаттар қабылданбайды. Бұрынғы Шенген визалары болса, олардың көшірмесін қосыңыз, бұл көп мәртелі виза алу мүмкіндігін арттырады және саяхат тәжірибеңізді растайды.
Қосымша хат — міндетті емес, бірақ болғаны дұрыс. Онда сапар мақсаты, маршруты, күндері және қаржылық кепілдіктер көрсетілуі керек. Хаттағы барлық дерек басқа құжаттармен сәйкес болуы қажет.
Виза орталығына жазылыңыз
Шенген визасына ұшуға алты ай қалған кезде өтініш беруге болады. Осылайша визалық орталықта құжаттарды тапсыруға бос слоттардың болмауынан туындайтын мәселелерден аулақ боласыз, ал өтінішіңіз қабылданбаса, қайта тапсыруға уақытыңыз болады.
Барлық құжатты дайындағаннан кейін визалық орталықтың сайтында өтініш тапсыру үшін ыңғайлы уақытты брондаңыз. Визалық орталықтарда қабылдаудың ақылы және тегін түрі бар. Ақылы (премиум қызметті таңдағанда), жұмыс күні басталғанға дейін немесе түскі ас уақытында ыңғайлы кезге жазыла аласыз.
Есіңізде болсын, көбіне визалық орталықтар демалыс маусымында және оқу жылының басында бос бола бермейді. Егер бос слоттар болмаса, сайтты үнемі бақылап отырыңыз: броньдар қайта босап қалуы мүмкін. Соңғы нұсқа — сапар бағытын өзгертіп, күндердің көбін слоттары бар елшіліктің еліне жоспарлау.
Белгіленген күн мен уақытта визалық орталыққа барыңыз. Барлық қажет құжатты тапсырып, виза төлемін төлеп, биометриялық деректерді өткізіп, паспортыңызды қалдыруыңыз қажет. Осыдан кейін сізге өтінішіңіздің мәртебесін бақылауға мүмкіндік беретін трекинг-нөмір беріледі. Бұл сізге өтінішіңіздің қаралу процесін бақылап, шешім туралы уақытылы білуге көмектеседі.
Шешімді күтіңіз
Виза өтінішін қарау шамамен екі аптаға созылады. Егер қарау уақыты ұзағырақ болса, бұл қалыпты жағдай және консулдықтың жүктемесіне байланысты болуы мүмкін.
Multi-визаны қалай алуға болады?
Multi-визаны алудың тиімді әдісі — Шенген аймағының шекарасын бірнеше рет кесіп өтетін маршрутты мұқият жоспарлау. Мысалы, Италиядан Түркияға ұшып, кейін Чехияға қайта оралу қажеттілігі аймаққа бірнеше рет кіруге негіз болуы мүмкін. Бірақ шекарадан неге бірнеше рет өту керек екенін дәлелдейтін негіздеме болғаны маңызды.
Сонымен қатар бірнеше ай аралығында бірнеше рет бару жоспарланған елге құжаттарды тапсыруға болады. Мысалы, алдымен Италияға турист ретінде барып, кейін концертке немесе конференцияға қатысу үшін қайта оралуға болады. Мұндай жағдайда растайтын құжаттарды (мысалы, концертке сатып алынған билеттер) қоса беру қажет.