Алайда Қазақстандағы жағдай өзгеше. Ресми дерек бойынша елімізде жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ға жетіп, ЕАЭО бойынша ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Тіркелген жұмыссыздар саны – 369,1 мың адам. Бұл тұрғыда еліміз Армения (2,7%), Қырғызстан (1,6%), Ресей (0,4%) және Беларусьтен (0,1%) әлдеқайда алда тұр.
Ресми сан мен шындықтың айырмасы
Соңғы бес жылда Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі ресми түрде 4,8–5,2% аралығында сақталып келді. Салыстырмалы түрде, АҚШ-та бұл көрсеткіш әлдеқайда құбылмалы (3,9–7,4%), ал дамушы елдерде жұмыссыздық 10%-дан асып жығылады. Дегенмен, еліміздегі статистика шынайы көріністі толық жеткізбейді.
Себебі жұмыссыздардың басым бөлігі жұмыспен қамту орталығына тіркелмейді. Көпшілігі уақытша жалдамалы жұмыс істеп күнелтеді немесе таныс-тамыры арқылы жұмыс іздеп жүре береді. Сондықтан ресми тіркелген 369 мыңнан бөлек, бейресми жұмыссыздардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Жастар және жұмыс нарығы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық жастардың шамамен 40%-ы тұрақты жұмысқа орналасуда қиындық көреді. Оның үстіне, 51%-ға жуығы кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттенбейді. Бұл – экономиканың болашағына елеулі қауіп.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп жастар үшін тартымсыз салаларға айналған. Керісінше, қызмет көрсету саласы басты табыс көзі ретінде алға шықты.
Моноқалалардағы түйткілдер
Жұмыссыздық мәселесі әсіресе моноқалаларда өткір сезілуде. Өндіріс орындарының автоматтандырылуы мен кен орындарының сарқылуы еңбекке деген сұранысты азайтып отыр. Маңғыстау облысында, әсіресе Жаңаөзенде өткен жылғы жұмыссыздар ереуілі осының айқын көрінісі.
Аймақ билігі қазір экономиканы әртараптандыруға тырысуда. Мұнай-газ секторынан бөлек жаңа жұмыс орындарын ашу, қызмет көрсету саласын дамыту қолға алынған. Сондай-ақ ішкі көші-қонды реттеу үшін моноқалалардан 400-ге жуық отбасын облыс орталығына көшіру жоспарланып отыр.
Алда не күтіп тұр?
Елімізде еңбекке қабілеттілер қатарына 16 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтар кірсе, алдағы жылдан бастап әйелдердің зейнет жасының 63-ке жетуі еңбек нарығына қосымша қысым түсірмек. Бұған қоса, ТМД елдерінен және санкцияға ұшыраған көрші елдерден ағылып жатқан мигранттар да жағдайды күрделендіреді.
Бұған дейін Еңбек министрлігі 2025 жылға қарай жұмыссыздықтың күрт өсуі мүмкін деген болжам жасаған болатын. Сондықтан алдын ала нақты шаралар қабылдау қажет.
Шешім қандай?
Сарапшылардың пікірінше, жұмыссыздықпен күресте мына бағыттарға басымдық берілуі тиіс:
- халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуын қолдау,
- шағын кәсіпкерлікті дамыту,
- кадрларды қайта даярлау,
- қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру,
- жұмыс орындарын квоталау,
- жұмыс берушілерді ынталандыру,
- еңбек нарығын ақпараттық қолдау,
- мемлекеттік емес жұмыспен қамту қызметтерін дамыту.