Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Президент бастамаларына бөлек қор құрылды: 285 млрд теңге жұмсалады

Мәжілісте 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды. Қай салаға қанша қаржы бөлінеді?

Президент бастамаларына бөлек қор құрылды: 285 млрд теңге жұмсалады
Фото: ашық дереккөз

Қаржы министрлігінің болжамынша, 2026 жылы республикалық бюджет кірісі 23,1 трлн теңгеге жетпек. Дефицит 2,5 % деңгейінде ұсталады.

«2028 жылға қарай тапшылық 0,9 %-ға дейін азаяды. Жалпы шығындар 27,7 трлн теңге болып бекітілді. Бұл биылғыдан екі триллионға артық», — дейді министрліктегілер.

Қайда жұмсалады?

Қаржы министрлігі президенттің бастамаларына 285 млрд теңге бөледі. Мемлекеттік қарызды өтеуге – 3,5 трлн теңге, төтенше жағдайлар мен жедел шығындарға – 500 млрд, ал өңірлерге субвенцияға – 5,1 трлн теңге бағытталмақ.

Үкімет шығындарды қысқартты

«2026 жылғы бюджетті Ұлттық қордан мақсатты трансфертсіз теңгерімді етуге тырыстық. Жоспарланған 36,2 трлн теңгенің орнына тек 27,7 трлн теңгесі қолдау тапты. Тек ең маңызды бағыттар таңдалды. Соның арқасында ағымдағы базалық шығындар қысқарып, жалпы шығындардағы үлесі 15-тен 12,3 %-ға түсті», — деді қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы.

Президент бастамаларына жеке қор

Биыл шілдеде үкімет жаңа ереже бекіткен: бюджет кірісінің (трансфертсіз) 3 %-ына дейінгі қаражат президенттің бастамаларына арналған қорға түседі. Енді бұл бөлек бап ретінде бюджетке енгізілді.

Қалай жұмыс істейді?

  • Президент тапсырма береді.
  • Мемлекеттік орган Қаржы министрлігіне өтінім жолдайды.
  • Қаржы министрлігі бес күн ішінде қарайды.
  • Президент әкімшілігі мақұлдаған соң үкімет қаулы қабылдайды.
  • Қаражат аударылады.
  • Егер жыл соңына дейін ақша игерілмесе, бюджетке қайтарылады.

Қоғамдағы пікір

Бөлініс талқылаусыз жүретіні сынға ілінді. Қор саяси ықпал құралына айналуы мүмкін деген күдік бар. Ал қолдаушылар керісінше: мұндай резерв дағдарысқа жедел әрекет етуге, бюрократиялық кедергілерді айналып өтуге мүмкіндік береді дейді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату