Марсоход алған үлгі қызғылт түсті балшықты жыныстардан – Неретва Валлис өзен арнасынан жиналған. Бұл өзен кезінде Езеро кратеріне құйып тұрған. Аталған шөгінді қабат «Брайт Энджел» формациясы деп аталады. Үлгі алу алдында аппарат өз құралдарымен зерттеу жүргізген.
Ғалымдар органикалық көміртектен бөлек, фосфат пен темір сульфидіне бай микробөлшектерді тапты. Жерде мұндай қосылыстар микроорганизмдер органикалық заттарды ыдыратқанда қосалқы өнім ретінде пайда болады.
Дегенмен мамандар түпкілікті қорытынды үшін үлгіні жердегі зертханаларда тереңірек талдау қажет екенін айтты.
NASA ғылыми миссияларын басқаратын Никки Фокс: «Бұл – Марста көне тіршілікті анықтауға ең жақын қалған сәт», – деді.
Perseverance 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол тікелей тіршілікті анықтай алмайды, бірақ тіршілікке қолайлы болған деп есептелетін орындардан тау жыныстарын бұрғылап, үлгілер жинайды. Қазірдің өзінде 30 үлгі бар, соңғысы – 25-ші. Бұл үлгілерді Жерге жеткізу миссиясы кейінге шегерілді: NASA арзанырақ әрі жедел нұсқаларды қарастыруда.
SETI институтының зерттеушісі Дженис Бишоп пен Массачусетс университетінің профессоры Марио Паренте табылған нәтижелерді «қызықты» деп бағалады. Бірақ олар жыныстардағы ерекшеліктерді биологиялық емес процестер де тудыруы мүмкін екенін ескертті.
Зерттеу авторы, Стони-Брук университетінің ғалымы Джоэл Хуровиц:
«Біз 100 пайыз “бұл – тіршіліктің дәлелі” деп айта алмаймыз. Бар болғаны – бір ықтимал түсіндірме – ол микробтық өмір. Бірақ басқа да табиғи жолдары бар», – деді.
Оның айтуынша, бұл әзірге «көне тіршіліктің ең мықты әрі сенімді үміткері». Нәтижелер Nature журналында жарияланды.
Хуровиц: «Егер бұл белгілердің шынымен тіршіліктің арқасында пайда болғаны дәлелденсе, бұл ғаламшарлық ауқымдағы жаңалық болар еді. Ал олай болмаса, табиғаттың бізді қалай шатастыра алатыны туралы құнды сабақ болмақ», – деп түйіндеді.
Ғалымдар Марста қазіргі микробтардың бар екеніне еш дәлел таппағанын айтады. Бірақ олар ежелгі Марстағы көлдерде сульфат минералдарын сульфидке айналдыруға қабілетті болуы мүмкін деген жорамал бар.
Алғашында Perseverance үлгілерін Жерге 2030-жылдардың басында жеткізу жоспарланған еді. Қазір бұл мерзім 2040-жылдарға шегерілді, миссияның құны 11 млрд долларға жеткен соң бағдарлама уақытша тоқтатылған.
NASA әкімшілігінің өкілі Шон Даффи түпкі шешім бюджет пен мерзімге байланысты болатынын атап өтті. Оның айтуынша, балама ретінде Марсқа жергілікті зерттеу жүргізуге арналған қуатты құралдар жіберу жоспары қарастырылып жатыр.
Айта кетсек, марсоход жинаған үлгілердің он шақтысы сақтық үшін Марс бетінде қалдырылған. Қалғандары аппараттың бортында, әзірге белгісіз күйдегі қайтару бағдарламасына енгізілген.
Бұған дейін «Курсив» NASA-ның алғашқы пилоттық ұшуды 2030-жылдардың басында Марсқа жоспарлап отырғанын жазған болатын.