Ақ үйдің ақпараттық бюллетенінде айтылғандай, жаңа құжатта Қорғаныс министрлігіне қосымша атау ретінде «Соғыс министрлігі» қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар қорғаныс министрі Пит Хегсетке қатысты «соғыс министрі» деген терминді пайдалануды да ұсынған.
Маусым айында Трамп бұл идеяны алғаш рет ашық түрде көтерген еді. Ол Ақ үй жанындағы ескі ғимаратқа назар аударғанын айтып, онда бұрынғы атаудың жазулы тұрғанын еске салған.
«Шындығында, Ақ үйдің жанындағы ескі ғимаратқа қарасаңыз, ол жерде бұрын «Соғыс министрі» деп жазылғанын байқайсыз. Кейін саяси тұрғыда дұрысырақ деп, атауды «Қорғаныс министрлігі» деп өзгерттік. Білмеймін, мүмкін бұрынғы атауға қайта оралу орынды шығар», деген болатын Трамп.
Алайда, бұл бастаманың түпкілікті жүзеге асуы үшін Конгрестің араласуы қажет пе, жоқ па – әзірге белгісіз.
Айта кетейік, АҚШ өзінің әскери ведомствосын 1949 жылға дейін «Соғыс министрлігі» деп атап келген. Сол жылы 1947 жылғы Ұлттық қауіпсіздік туралы заң аясында жүргізілген реформалар нәтижесінде атау «Қорғаныс министрлігі» болып өзгерген.