Әкімнің орынбасары әуелі Бостандық ауданындағы Әбіш Кекілбайұлы көшесінен Бокин көшесіне дейінгі кәріз желілерін қайта құру жұмыстарын көрді. Мұнда әкімнің орынбасары құрылыс алаңын көріп шығып, материалдардың сапасы мен инженерлік коммуникациялардың жай-күйін нақтылады. Сонымен қатар мердігерге жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ, Алмасхан Сматлаев Жароков және Дунаевский көшелерінің қиылысындағы жылу желілерін қайта құру учаскесін аралады. Әкімнің орынбасары бұл жобаның тұрғын үйлерді сенімді жылумен қамту үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап, жұмысты уақытылы орындауды әрі технологиялық ақауларға жол бермеуді қатаң тапсырды.
А. Иманов атындағы скверде (Мәметова көшесі – Желтоқсан көшесінің қиылысы) Алмасхан Сматлаев санитарлық мақсатта кесіліп жатқан ағаштарды көріп, жасыл желектердің жай-күйін тексерді.
Алмалы ауданында ол Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ғимараты жанындағы субұрқақты күрделі жөндеу барысымен танысты. Әкімнің орынбасары бұл нысанның қала тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды демалыс орны екенін атап, оны қысқа мерзімде әрі сапалы түрде аяқтауды міндеттеді.
Айта кетелік, сапар соңында Алмасхан Сматлаев барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, қауіпсіздік пен көркейту жұмыстарына мән беруді тапсырды.