Әңгімеден кейін Франция президенті Эммануэль Макрон мен Зеленский бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Макронның айтуынша, 26 мемлекет Украинаға әскер жіберуге дайын, бірақ бұл қадам тек атысты тоқтату келісімі жасалған жағдайда ғана жүзеге асады.
Келісілген бағыттар қатарында – шектеусіз қуатты армияны сақтау, ел ішінде қару-жарақ өндірісін ұлғайту, АҚШ-тан әуе қорғаныс жүйелерін алу және шетелдік әскердің құрлықта, әуеде және теңізде болуы бар.
Макрон сонымен бірге Батыс елдері ықтимал әскери операцияға дайындық жұмыстарын бастап кеткенін жеткізді.
Ал Reuters агенттігі Ақ үй өкіліне сілтеме жасап, Трамп Еуропа одақтастарынан Ресей мұнайын сатып алуды доғаруды талап еткенін хабарлады. Оның айтуынша, Мәскеу соғысты дәл осы шикізаттан түскен табыспен қаржыландырып отыр.
«Президент еуропалық көшбасшыларға Қытайға да экономикалық қысым жасау қажет екенін ескертті. Себебі Бейжің Ресейдің соғыс машинасын қаржыландырып отыр», – делінген аталған агенттік таратқан ақпаратта.