2019 жылдан бері елде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп салынды. Тек 2023–2024 жылдары 510 мың орындық 422 мектеп пайдалануға берілді. Соның арқасында үш ауысымды мектеп саны 4 есе, апатты мектеп саны 2 есе азайды, орын тапшылығы 4 есеге қысқарды.
Биыл үш ауысым мәселесін тағы үш өңір шешті – Шымкент қаласы, Ақмола және Қызылорда облыстары. Қазіргі таңда еліміздегі 3 мыңға жуық мектеп бір ауысыммен, 5 мыңға жуық мектеп екі ауысыммен жұмыс істейді.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа үлгідегі 217 мектеп салу жоспарланған. Оның 130-ы ашылып үлгерді, соның 44%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Білім инфрақұрылымын қолдау қоры 100 мың орындық 89 мектеп салып жатыр, олардың 61-і қолданысқа берілді. Жоба ерте кәсіби бағдар беруді және мамандық таңдауға арналған «Мансап компасы» цифрлық платформасын пайдалануды қарастырады.
Жыл сайын 1000 ауыл мектебі жеті бағыт бойынша жаңғыртылып келеді. Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2000-нан астам мектеп заманауи зертханалармен жабдықталды. Қайта жаңарту бағдарламасы 1231 мектепті қамтиды, оның 820-сы ауылдық жерде орналасқан.
Жаңа оқу жылында 267 мың орынға арналған 232 мектеп салу жоспарланған. Қыркүйек айында 111 мың орындық 83 жаңа мектептің есігі ашылады. Сондай-ақ реновация бағдарламасымен 190 мың оқушыны қамтитын 245 мектеп жөндеуден өтеді, оның ішінде 127 мектептегі жұмыстар қыркүйекте аяқталмақ.