Кампус бакалавриатқа 315 студент қабылдауды жоспарлап отыр. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, шетелдік университеттердің кампустарын ашу үш негізгі мақсатқа байланысты. Біріншісі – Қазақстанды өңірдің білім орталығына айналдыру.
«Мықты университеттердің арқасында биыл елімізге 31,5 мың шетелдік студент келді. Келер жылы олардың саны 150 мыңға жетуі мүмкін.
Екінші мақсат – аймақтық университеттерді зерттеу бағытына көшіру. Үшіншісі – технология трансферін дамыту», – деді министр ашылу рәсімінде.
Оның айтуынша, енді Қазақстанда талантты жастарды шетелге жібермей, осында қалып, әлемдік деңгейдегі білім алуға мүмкіндік бар.
Өткен жылдың тамыз айында министрлік Cardiff University-мен Астанада халықаралық деңгейдегі зерттеу университетін ашу туралы меморандумға қол қойған болатын.
Cardiff University 1883 жылы құрылған. Ол Ұлыбританияның ең үздік 25 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және елдің жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін Russell Group мүшесі саналады. Университет медицина, биология, инженерия және әлеуметтік ғылымдар саласында алдыңғы қатарда. Әсіресе, онкология, кардиология және инновациялық технологиялар бойынша зерттеулерімен ерекшеленеді.