Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

ШЫҰ саммиті нені өзгертеді? Кімге ерекше құрмет көрсетілді, кім еленбеді?

1 қыркүйекте Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мерейтойлық 25-саммиті өтті. Бұл жолы жиынға ұйымға мүше 10 елдің басшылары ғана емес, 20-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

ШЫҰ саммиті нені өзгертеді? Кімге ерекше құрмет көрсетілді, кім еленбеді?

Саммиттің басты тақырыбы — жаһандық тұрақсыздық жағдайында көпполярлы әлем құру, көлік-логистика жобалары, энергетика, білім беру және қауіпсіздік мәселелері. Алайда, сарапшылардың назарын қатысушыларға көрсетілген «құрмет деңгейі» көбірек аударды.

Путин — «ерекше қонақ па?»

Ресей президенті Владимир Путинді саммит алаңында Қызыл кілеммен қарсы алып, «Калинка-Малинка» әуені ойнатылды. Оған Aurus президенттік көлігі берілді. Дегенмен, сарапшылардың пікірі екіге бөлінді: ресейлік саясаткерлер мұны «жылы қабылдау» десе, басқалары Путинге жасалған құрмет Ильхам Әлиевке көрсетілген ықыластан әлдеқайда салқындау болды дейді.

Путин Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жеке кездесті, сондай-ақ Ресей–Қытай–Моңғолия үшжақты келіссөздеріне қатысты. Ол сөзінде «әділетті көпполярлы әлем» туралы айтты, «украин мәселесін» өз түсінігінде түсіндірді.

Әлиев — «қымбатты дос»

Азербайжан президенті Ильхам Әлиевті Қытай басшысы Си Цзиньпин «қымбатты досым» деп атап, ерекше құрмет көрсетті. Әлиев ШЫҰ-на толық мүше емес, тек «диалог серіктесі» мәртебесіне ие болса да, оған жасалған ілтипат Мәскеу мен Баку арасындағы шиеленістер аясында ерекше көзге түсті.

Кездесуде Транскаспий бағыты, «Бір белдеу — бір жол» жобасы және Әзербайжан–Армения қатынастары талқыланды.

«Жолбарыс дипломатиясы» және Қазақстан

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытай би қимылдары мен гүл шоқтарымен қарсы алды. Си Цзиньпин Қазақстанды сенімді стратегиялық серіктес деп атап, екі елдің қарым-қатынасын «шынайы достыққа негізделген» деді.

Тоқаев өз сөзінде Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуді ұсынды, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында ШЫҰ кеңсесін құру идеясын көтерді. Сондай-ақ «Бір белдеу — бір жол», «Солтүстік–Оңтүстік» және «Трансалтай диалогы» жобаларын ілгерілетуге шақырды.

Қырғызстан, Үндістан, Өзбекстан

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров саммит қарсаңында Қытайға барып, Симен екіжақты жобаларды, оның ішінде «Тамчы» қаржы аймағы мен туризм инфрақұрылымын талқылады.

Үндістан премьері Нарендра Моди БҰҰ реформасын талап етті: «Жаһандық Оңтүстіктің мүдделерін ескі форматтарға сыйдыру әділетсіз», – деді ол.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев экономикалық интеграцияны, жаңа индустриялық аймақтарды дамытуды ұсынды. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ-ын «нәтиже беретін ықпалды ұйым» деп атап, су дипломатиясы мен қауіпсіздік мәселелеріне назар аударды.

Жаңа ойыншылар — Иран, Пәкістан, Беларусь

Иран биыл толыққанды мүше атанып, Қытаймен 20-дан астам келісімге қол қойды. Президент Масуд Пезешкиан Батыс санкцияларына қарамастан, ШЫҰ-ын стратегиялық мүмкіндік деп атады. Ол Израильді айыптап, ядролық мәселені диалогпен шешуге дайын екенін мәлімдеді.

Пәкістан премьері Шехбаз Шариф «Жібек жолы» жобасын қолдап, терроризмге қарсы күресте «қос стандартсыз саясат» жүргізуге шақырды.

Ал Беларусь басшысы Александр Лукашенко саммитте Қытайдың «прагматизмін» жоғары бағалады.

25-ші саммитті Associated Press «АҚШ-тың жаһандық лидерлігіне шақыру» деп сипаттады, бірақ ШЫҰ-ның нақты мақсаттары әлі де көмескі екеніне назар аударды.

Бүгін Пекинде саммит жалғасады. Тоқаевтың сапары аясында 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылуы мүмкін.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату