Айыппұлдардың орнына қоғамдық жұмыстар
Ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарды ластау, мас күйінде жүру секілді тәртіп бұзушылықтар үшін айыппұл төлеудің орнына 20-80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту енгізіледі.
Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер
Зейнеткерлікке шыққан кезде төлемдер автоматты түрде тағайындалады. Сондай-ақ:
- кейбір табыс түрлерінен жарна ұсталмайды;
- жерлеу төлемі қарастырылған;
- шоттағы қалған қаражат отбасы мүшелеріне беріледі.
Студенттердің стипендиясы ұлғайды
- Бакалавриат – 52 372 теңге
- Педагогикалық бағыт – 84 000 теңге
- Магистратура – 117 098 теңге
- Докторантура – 262 500 теңге
Колледждерде тегін оқу
9-сыныпты бітіргендер жұмысшы мамандықтарын тегін меңгере алады.
Мектеп бағдарламасына енгізілген жаңалықтар
- Жеке қауіпсіздік сабақтары қайтарылады;
- Жасанды интеллектке арналған тақырыптар оқуға қосылады;
- Ас мәзірінде қант пен тұз мөлшері азайтылады.
Мобильді аударымдарға бақылау
Үш ай ішінде әртүрлі адамдардан 100-ден астам аударым түсіп, жалпы сомасы 1 млн теңгеден асса, ол кәсіпкерлік табыс деп есептеледі.
Мемлекеттік қызметкерлерге талап
15 қыркүйекке дейін AITU ұлттық мессенджеріне көшуі қажет.
Тұрғын үй төлемдері
«Үйді күтіп-ұстау» жарнасы үш бөлікке бөлінеді: ағымдағы, жинақтаушы және мақсатты төлемдер.
Жеке кәсіпкерлікке қатысты жаңа ереже
15 қыркүйектен бастап тұрақты жалдамалы қызметкері бар немесе жылдық табысы 1,4 млн теңгеден асатындар міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс.
Ескі 5000 теңгелік банкноттар
2011 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік купюралар 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін жарамды. Кейін оларды банктер мен Қазпоштада үш жыл бойы, ал Ұлттық банкте мерзімсіз жаңа банкноттарға айырбастауға болады.