Оқу жылының басында мегаполисте 12 мыңнан астам орындық 7 заманауи мектеп ашылды.
Алатау, Алмалы, Бостандық және Наурызбай аудандарындағы жаңа оқу орындары кең кабинеттермен, заманауи зертханалармен, цифрлық сыныптармен, спорт кешендерімен және акт залдарымен жабдықталған.
«Бүгін Алматының 350 мыңнан астам оқушысы үшін алғашқы қоңырау соғылды. 28 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бұл ата-аналар мен тәрбиешілер үшін ерекше әрі қуанышты сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әр баланың сапалы білім алуы үшін тең және заманауи жағдай жасау маңызды», – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ, Алматы әкімі қыркүйек айының соңына дейін Алматыда 10,5 мың орындық тағы 5 мектеп ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мегаполисте барлығы 34,8 мың орындық 21 оқу орнының құрылысы жүзеге асырылуда.
Айта кетелік, жеке инвесторлар есебінен 8 мектеп салынуда. Бұдан басқа, «1300 мектепті жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 31 мектепке күрделі жөндеу жүргізілетін болады.