Жаңалықтар

Газада ауруханаға соққы жасалып, 20 адам (5 журналист) қаза тапты

Израильдің Хан-Юнисте орналасқан Нассер ауруханасына жасаған соққысының салдарынан Газа секторында кем дегенде 20 адам қаза тапты, олардың ішінде тағы да бес журналист бар.

Қаза болғандардың қатарында Reuters операторлары Хуссам аль-Масри (тікелей эфир жүргізіп отырған), сондай-ақ Associated Press-тен Мариам Абу Дагга, Al Jazeera-дан Мухаммед Салам, Муаз Абу Тахи және Ахмед Абу Азиз бар. Reuters фотографы Хатем Халед жарақат алды.

Көргендер хабарлауынша, соққы екі рет жасалған: бірінші – БАҚ орналасқан қабатқа, екінші – зардап шеккендерге көмекке келген адамдарға.

ЦАХАЛ Нассер ауруханасы аймағына шабуыл жасағанын растап, тексеру басталғанын хабарлады. Әскерлердің мәлімдеуінше, ЦАХАЛ «журналистерді нысанаға алмайтынын» және «азаматтар арасында құрбан болғандарға өкінетінін» атап өткен.

Халықаралық ақпарат агенттіктері оқиғаға байланысты түсініктеме беруді талап етті. Reuters өз қызметкерлерінің қазасына ауыр соққы болғанын және қайғыра көңіл айтатынын білдірді, ал Associated Press журналист Мариам Абу Дагганың қазасы да күтпеген ауыр соққы болғанын айтты. 

Палестина журналистер синдикаты бұл шабуылды «еркін БАҚ-қа қарсы ашық соғыс» деп атап, 2023 жылғы қазаннан бері Газада 240-тан астам палестиналық журналист қаза тапқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, екі апта бұрын Al Jazeera журналисті Анас аль-Шариф қаза тауып, тағы төрт журналист мерт болған. Израиль ол кезде оның ХАМАС-пен байланыста болғанын айтып, нысананы дәл сол адамға бағыттағанын мойындаған.

Шетелдік репортерлердің Газаға кіруіне шектеу қойылғандықтан, бүкіл қақтығыс кезінде негізгі ақпарат көзі – палестиналық журналистер.

24-25 тамыз түнінде артиллерия мен авиация шығыс және солтүстік аудандарды нысанаға алып, үйлер мен ғимараттарды қиратқан. Израиль Қорғаныс министрлігі шабуылды жалғастыруға уәде берді.