Бастама Huawei Technologies Kazakhstan мен «Астана Innovations» арасындағы меморандум негізінде жүзеге асырылып отыр. Оған Астана әкімдігі қолдау білдірсе, технологиялық серіктес ретінде Beeline, ал инфрақұрылымдық серіктес ретінде Forte компаниясы тартылған.
Көрсетілім барысында қатысушылар 10G PON технологиясының мүмкіндіктерімен танысып, жаңа буындағы оптикалық терминалдар мен Wi-Fi 7 стандарты ұсынылды. Желі сынақтары 9490 Мбит/с дейінгі жүктеу және жүктеп салу жылдамдығын көрсетті. Мұндай көрсеткіш бейнені 8K сапада көруден бастап бұлттық ойын сервистеріне дейін үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
«Астанада 10G енгізу – заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастама тұрғындар мен бизнеске нақты пайда әкеледі деп сенеміз», — деді «Астана Innovations» АҚ төрағасы Ғизат Әмірғали.
Huawei Kazakhstan бас директоры Сун Ясюй де жобаның Қазақстанда алғашқы рет іске қосылып отырғанын атап, оның білім беру, денсаулық сақтау мен бизнестің дамуына серпін беретінін айтты.
Beeline өкілі Рауан Кадбрахимов компания үшін мұндай серіктестік елдің цифрлық экожүйесінде жаңа кезеңнің бастауы екенін жеткізді.
Астаналықтар жаңа интернет жылдамдығын 2025 жылдың 19 қыркүйегіне дейін сынап көре алады. Тестілеу Достық көшесі, 8/1 мекенжайындағы Forte коворкингінде дүйсенбі-жұма күндері, сағат 9:00-18:00 аралығында қолжетімді.