Қарағанды облысының Сарань қаласында орналасқан Silk Road Electronics зауытында Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналарының ресми түрде өндірісі іске қосылды. Іс-шараға облыс әкімі мен ҚР Индустрия және құрылыс министрлігіне қарасты Индустрия комитетінің төрағасы қатысты.
Жоба мемлекет, инвесторлар мен бизнес өкілдерінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Жаңа өндіріс жұмыс орындарын ашып, қосалқы салалардың дамуына серпін береді, инвестиция тартуға, сондай-ақ технология мен өндірістік тәжірибе алмасуға жол ашады.
Кәсіпорында SmartThings экожүйесін қолдайтын Samsung кір жуғыш машиналары, сондай-ақ жоғары ажыратымдылықтағы Smart TV функциясы бар теледидарлар (Crystal UHD 4K, FHD және HD үлгілері) шығарылады. Алдағы уақытта QLED сериясындағы теледидарларды өндіру жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін Samsung брендімен 10 мың теледидар мен 25 мың кір жуғыш машина шығару көзделген. Өндірістік желі жылына 150 мың теледидар мен 200 мың кір жуғыш машина шығаруға қауқарлы.
Әлемдік бренд өнімдерінің Қазақстанда өндіріле бастауы – машина жасау саласының дамуына тың серпін беріп, импортты алмастыру және жергілікті өндірісті арттыру саясатына үлес қоспақ.