Маусым айының соңына қарай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 11,1 мыңнан астам жұмыспен қамту шарасын іске асырды. Оның ішінде 5,8 мың адам кәсіби оқытуға және қайта даярлауға жіберілсе, 100 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Іріктеп зерттеу нәтижесі бойынша ел экономикасында 9,3 млн адам еңбек етіп жүр. Оның 7,1 миллионы – жалдамалы қызметкер (76,8%), ал 2,2 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (23,2%). Бір жыл ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 110,1 мың адамға артты, бұл өсім негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен болды.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17,1%), білім беру (13,1%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,8%) салаларында. Апталық орташа жұмыс уақыты – 39 сағат: жалдамалы қызметкерлерде – 40 сағат, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда – 36 сағат.
Сонымен қатар, жұмыссыз, бірақ жұмыс іздемеген немесе жұмыс істеуге дайын емес азаматтар саны 20 мың адамға жетті. Ал 15 жастан асқан халықтың 32,4%-ы мүлдем жұмыс күшіне кірмейді.