Гейлдің көзі аутоиммундық дерттің асқынуынан зақымданып, қасаң қабығында тыртықтар пайда болған. Көп жылдан кейін ол тәуекелге барып, Канадада алғаш рет жасалған остеоодонтокератопротездеу әдісін қабылдады. Мұның мәні – науқастың өз тісін көзге импланттау.
Ота қалай өтті
Бұл тәсіл өзге елдерде бұрын қолданылғанымен, Канаданың Ванкувер қаласындағы Маунт-Сент-Джозеф ауруханасының офтальмологы Грег Молони ел ішінде алғаш болып осы отаны жасады.
Дәрігердің айтуынша, алдымен науқастың тісі суырылып, бірнеше айға бет ұлпасының ішіне орналастырылған. Осы уақыт ішінде ол дәнекер тінмен қапталып, мықты қабат түзген. Кейін тіс пен осы тін бірге алынып, оған пластик линза – кішкентай телескоп орнатылған. Бүкіл құрылым көз ұясына бекітіліп, дәнекер тін арқылы мықтап ұстатылған.
«Бұл линзаны ұстап тұратын әрі ағза қабылдайтын берік негіз қажет болды. Тіс пен дәнекер тін дәл осы талапқа сай келді», – дейді Молони.