Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Польшада «тыңшы»деген күдікпен ұсталған қазақстандық кім?

Польшада тыңшы деген күдікпен қамауға алынған Қазақстанның Украинадағы елшілігіндегі әскери атташенің көмекшісі – Ануар Бигембай екені белгілі болды.

Польшада «тыңшы»деген күдікпен ұсталған қазақстандық кім?
Фото: AMW

Orda.kz ақпаратына сәйкес, жасы шамамен 30–35-тегі Бигембайдың екі баласы бар, олардың бірі Киевте туған. Ол Ресейде әскери оқу орнын тәмамдаған. Дереккөздің айтуынша, украин тарапы қазақстандықты Польшада ұстауға мүмкіндік беріп, жағдайды Астанамен тікелей шиеленістірмеуге тырысқан болуы мүмкін.

Ұсталған азамат қызмет еткен құрылым елшілікке тікелей бағынбайды және өз бюджетін басқарады. Онда үш адам жұмыс істейді: әскери атташе, оның көмекшісі және бір маман. Киевте олар отбасымен бірге тұрады, ал елшілік қызметкерлеріне отбасын әкелуге рұқсат етілмеген.

Қазақстан елшілігінің сайтындағы дерекке қарағанда, Украинадағы әскери атташе қызметін Қисентаев Бақытжан Бегімбайұлы атқарады. Ұсталған көмекші оның жиені болып шыққан. Ашық деректерде Қисентаев Бақытқали Бегімбайұлы есімді тағы бір туысы жайлы мәлімет бар – ол Алматы облысы Кеген ауылында ауыл шаруашылығымен айналысатын компанияның иесі ретінде тіркелген.

Экс-дипломат Казбек Бейсебаевтың айтуынша, әскери атташелер мен олардың көмекшілері дипломат ретінде аккредиттеліп, Веналық конвенция (1961) бойынша барлық артықшылық пен иммунитетке ие болады.

– Мұндай жағдайлар халықаралық дипломатиялық тәжірибеде жиі кездеседі. Көп елдің елшілігінде барлау қызметінің өкілдері дипломат ретінде жұмыс істейді. Әдетте, мұндайда елшіге ескерту жасалып, көмекшіні «персона нон грата» деп жариялап, 48 сағат ішінде елден шығару талап етіледі. Шпионаж әрдайым болған және бола береді, – деді Бейсебаев.

Elmedia дерегінше, Ануар Бигембай елшілікте бір жарым жыл қызмет еткен. Ол Польшада ғана қамауға алынған, өйткені дипломатиялық иммунитеті тек Украина аумағында жарамды болған.

ҚР Қорғаныс министрлігі ресми түсініктемесінде Польшада Қазақстанның Украинадағы әскери атташесінің көмекшісі ұсталғанын ғана растады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату