Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Алматыда 85 жастағы әже ҰБТ тапсыруға келді

Алматыда өткен тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде ерекше қатысушы – 85 жастағы Нұрихан әже де бағын сынады, деп хабарлаймыз Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.

Алматыда 85 жастағы әже ҰБТ тапсыруға келді
Фото: testcenter

Өмірін бала тәрбиесіне арнаған кейуана жастық шағында жоғары білім алуға мүмкіндік болмағанын айтты. Биыл көптен бергі арманын орындауға бел буып, университетке түсу үшін ҰБТ тапсыруға шешім қабылдаған. Жақындарының қолдауымен емтиханға тіркеліп, тестілеу күні балалары жанынан табылды.

 

Емтихан басталар алдында Нұрихан әже талапкерлерге батасын беріп, «оқу мен ізденудің ешқашан кеш емес» екенін жүрекжарды тілегімен жеткізді.

Дегенмен, бұл жолы компьютерді қолдану машығының болмауы сынақты толық орындауға кедергі болды. Соған қарамастан, кейуана алдағы жылы компьютерлік дағдыларды үйреніп, ҰБТ-ға қайта қатысуға ниетті екенін айтты.

Айта кетейік, тамыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 тамызда басталып, 14 тамызға дейін жалғасады. Бұл кезеңге биылғы және былтырғы мектеп, колледж түлектері, қандастар, шетелдік оқу орындарының түлектері, шығармашылық мамандықтан басқа бағытқа ауысқысы келетін студенттер, педагогикалық мамандыққа ауысушылар және шартты түрде ЖОО-ға қабылданғандар қатысады.

Тамыздағы тестілеу – жыл бойы өткізілетін қосымша ҰБТ кезеңдерінің бірі. Оның нәтижелері де университетке қабылдау кезінде ескеріледі.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату