Жаңалықтар

Берденовке оқ атқан Жиембайдың туыстары мәлімдеме жасады

Биыл көктемде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл іске бұрын оның қол астында істеген Ернар Жиембайдың қатысы бар.

Алдыңғы отырыстардың бірінде прокуратура шабуылдың себебі – жеке араздық емес, қызмет бабындағы келіспеушілік екенін мәлімдеген.

Жиембайдың отбасы өз мәлімдемесінде ақпаратты беруде «манипуляцияға жол бермеуді» мақсат тұтатынын айтты. Олардың сөзінше, жәбірленушінің денесіндегі бытыра жарақаттары туралы дерек, оқиғадан кейінгі алғашқы видеожазбадағы сөзімен сәйкес келмейді. Сондай-ақ, жәбірленуші «еркін жүріп-тұрады» және олардың айтуынша, «1 тамыз күні сот отырысы басталмай тұрып, бірнеше күн бұрын Шымкент әкімдігіне барған».

«Бұл оның жарақаты айтқанындай ауыр болмауы мүмкін екенін, әрі сотта қасақана келмей отырғанын көрсетеді», – делінген жазбада.

Жиембайдың туыстары сонымен қатар жәбірленушіні құтқару үшін жүргізуші көлікпен шабуылшыны қағып кеткен деген дерекке пікір білдірді. Олардың айтуынша, бейнежазба мен жүргізушінің өз түсініктемесінде Ернардың қолында ол сәтте қару болмағаны көрінеді. Бұдан бөлек, жәбірленушінің алғашқы және кейінгі айғақтарында айырмашылық бар екеніне назар аударды.

Келесі отырыстарда куәгерлерден жауап алу жалғасады.

Бұан дейін Берденов денесіне 60-тан көп оқ қалдығы барын айтқанын және осы іс туралы жазба жазғанын жариялағанбыз.