Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шалғай ауыл, үзілмеген үміт: Милысай мемлекетті неге күтеді?

Ауыл – елдің алтын тамыры. Қостанай даласында сол тамырдан үзіліп қалмай, жанкешті тірлігін жалғап келе жатқан жұрт бар. Халық саны көп емес, бірақ үміті биік.Қостанай облысындағы Милысай ауылы – сондай шоғырлы, бірақ шынайы тіршіліктің мекені. Әкімдігі жабылып, интернеті жоқ ауылда арман сөнбеген. Қайта жұрт «жабылады» дегенге жауап ретінде ауылды жандандыруға кіріскен. Жерінің құнары да, суының тұнығы да сақталып тұр. Енді тек – байланыс пен мемлекет тарапынан нақты қолдау керек.

Шалғай ауыл, үзілмеген үміт: Милысай мемлекетті неге күтеді?
Фотоларды түсірген автор

Мақалада осы ауылға қатысты бірнеше мемлекеттік мекемеден ресми жауаптар негізінде, ауылдың әлеуетін, түйткілін және мүмкіндігін саралаймыз.

Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Милысай ауылы – «жойылады» деген қауесетке қарамастан, тіршілігін тоқтатпаған, жанкешті түрде өмір сүріп жатқан елді мекендердің бірі. Оңтайландыру науқаны кезінде бұл ауыл Шилі ауылдық округінің құрамына қосылып, әкімдігі таратылған болатын. Сол сәтте ауыл тұрғындарына психологиялық соққы болған бұл шешім біраз тұрғынның көшіп кетуіне себеп болған.  Десе де, қалған халықтың тозбай, өз күштерімен ауылды сақтау жолындағы ынтымақты тіршілігі өз алдына бір бөлек әңгіме. 

Халық, мектеп, көші-қон

Ауылда 11 жылдық орта мектеп бар, оқушы саны – 69 (шағын орталықпен бірге). 21 мұғалім қызмет етеді, оның 18-нің жоғары білімдері бар, ал педагогикалық шеберлік біліктіліктері бар 8 мұғалім бар. Тек математика пәнінің мұғалімі жетіспейді.

Ауыл мектебі

Ауыл тұрғындарының ынтымағымен Милысай қайта серпілуде. Жыл сайын тұрғындар 2–3 отбасын оңтүстіктен көшіріп әкеліп, демографиялық жағдайды жақсартуға күш салуда. Әкімдік берген ресми дерек бойынша, соңғы жылдары 13 отбасы (65 адам) көшіп келіп, 9 отбасы (36 адам) көшіп кеткен. Ауылда қазір 200-ден аса адам тұрады, 40 шақты үй бар.

Бұл – барын салып, ауылын аман алып қалуға бел буған жұрттың мекені. Байланыссыз әрі қараусыз қалғанымен, мұнда қозғалыс бар, серпіліс бар, ең бастысы – үміт пен ниет бар.

Бірлігі бекем жұрт

Кей ауылдың мүмкіндігі болып, ниеті жетпей жатады. Ал Милысай – мүмкіндігі шектеулі болса да, жігері шексіз ауыл.

Ауыл тұрғындарының асарымен салынған футбол алаңы

Ауыл азаматтарының асарымен балалар мен жастар игілігі үшін футбол алаңы салынды. Оған жұмсалған қаражат 4,5-5 млн теңге. Демеушілері – ауылдың кәсіпкер азаматтары.

Футбол алаңын салу сәтіне өзіміз куә болдық

Бұрынғы тозығы жетіп, қирап қалған тойхана ғимараты ауылдықтардың көмегімен күрделі жөндеуден өтіп, той-ас берілетін кең орынға айналды. Әр жылы бітірген мектеп түлектері 5 млн теңге қаражат жинап, қажетті құрал-жабдықтармен де қамтыған.

«Батыр боламын» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен күрес залы да ашылған.

Мұның бәрі – ауылдың тірі екенін, үміттің үзілмегенін көрсетеді.

«Халық еңсесін түсірген жоқ. Қайта, «Милысай жабылмасын» деген ұранмен нақты іске көштік. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Біз соны дәлелдеп келеміз» – дейді ауыл мектебінің директоры Толқын Наурызқызы.

Құнарлы топырақ, қуатты шаруашылық

Жангелдин ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің ресми жауабына сүйенсек, Милысай ауылындағы жер – аудан бойынша ең шұрайлы жерлердің бірі. Мал мен егін шаруашылығына өте қолайлы. Ауылдың жалпы агроәлеуеті жоғары саналады.

Мысалы, 2025 жылы ауылдағы екі ірі шаруашылықтың егетін егіс көлемі төмендегідей:

• «Күнсұлу» шаруа қожалығы – 2 000 га (1 200 га бидай, 400 га арпа, 400 га сафлор);

• «Новонежинка» ЖШС – 9 302 га (3 060 га бидай, 800 га арпа, 5 442 га сафлор). 
Сондай-ақ, ауылда ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысатын 6 шаруа қожалығы бар. Жалпы мал басы мынандай:

- 622 ірі қара,  
- 557 ұсақ мал,  
- 223 жылқы.

Ауылда ақ бас тұқымды ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын «Баракат» шаруа қожалығы бар екенін ерекше атап өту керек.

Тек топырағы ғана емес, суы да бай

Ресми есепте ауылда 3 құдық қана тіркелгенімен, шын мәнінде көптеген үй өз аулаларынан құдық қазып, үй ішіне су тартып алған. Жерасты суы 15 метр тереңдікте орналасқан, әрі тұщы, мөлдір. Өңірде «Милысайдың суы балдай» деген сөз жиі айтылады.

Көптеген үй ыстық су жүйесін (аристон) орнатып, душ пен кір жуғыш машинаны да пайдалануда. Яғни, ауылда өмір сүруге қажетті жағдай бар, тек инфрақұрылым мен цифрлық технология жағынан әлсіздеу.

Байланыс пен интернет – ең өзекті мәселе

Қазір ауылда ұялы байланыс мүлдем жоқ. Бұл мәселе бойынша бірнеше деңгейдегі мемлекеттік органдар ресми жауап берді.

Мектеп маңы — Милысай халқының интернетке қосылар жалғыз терезесі. Жұрт телефондарын жоғары көтеріп, бір бұрышқа үймелеп отырады. Ауыл мектебіне Starlink спутнигі орнатылған. Аудандық білім бөлімінің дерегінше, интернет жылдамдығы – 30 Мбит/с. Алайда, білім бөлімі мектеп интернетінің қызметтік мақсатта ғана қолданылуы керектігін алға тартып, мектеп әкімшілігіне жиі ескерту жасайды. Дегенмен, жергілікті мектеп басшылығы ауыл халқының жағдайын ескеріп, уақытша болса да желіге қосылуға мүмкіндік беріп келеді.

Неге байланыс жоқ?

Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Кашиевтің айтуынша, Милысай – ойпаң жерде орналасқан, сондықтан қарапайым базалық станциялардың сигналы жете бермейді.

Сонымен қатар, халық саны аз болғандықтан, ешбір байланыс операторы бұл ауылға инвестиция салуға ынталы емес. Бұл мәселе мемлекет араласуын қажет етеді, коммерциялық шешімдермен ғана реттелмейді.

Мемлекеттік жоба не дейді?

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Милысай ауылы 2027 жылдың соңына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.  Яғни, геостационарлық емес спуткниктік жүйе технологиясын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі-міс. 

«Ал ауылда толыққанды ұялы байланыс орнату үшін 100 метрлік антенна-діңгек құрылымын салу қажет. Бұл дегеніміз 35 қабатты үйдің биіктігімен бірдей. 250 млн теңге қаржы қажет. Бұл соманы облыстық бюджет көтере алмай отыр, сол себепті бұл жоба жоспардан алынып тасталды», -дейді Азамат Кашиев.

Милысай — мемлекетке масыл емес, ел экономикасына үлес қосуға дайын ауыл. Тек тұрақты байланыс, инфрақұрылым және жүйелі қолдау қажет. Ел ішінде «шалғай» саналып, назардан тыс қалып жатқан мұндай ауылдар аз емес. Дегенмен дәл Милысай секілді тіршілігі жанданған елді мекендердің дамуын тежемеу елдік міндет.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату