Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Әлеуметтік желілерде Абайдың сөзі жаңғыруда: Ұлы ақынның мерейтойына орай челлендж бастау алды

2025 жылғы 7–10 тамыз аралығында Алматы қаласында ұлы қазақ ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онлайн-челлендж өтуде. Бұл бастама Абайдың әдеби және философиялық мұрасын кең аудиторияға насихаттауға бағытталған,- деп хабарлайды newsroom.kz

Әлеуметтік желілерде Абайдың сөзі жаңғыруда: Ұлы ақынның мерейтойына орай челлендж бастау алды

Челлендждің мақсаты — қазақстандықтарды маңызды датамен құттықтап, ақын шығармаларында көрініс тапқан рухани құндылықтарды қайта зерделеуге және оларды кеңінен таратуға шабыт беру.
​Онлайн-челленджге қазірдің өзінде көптеген адамдар қосылды. Олардың қатарында мәдениет, спорт, ғылым, білім беру, жастар ұйымдары, саяси партиялар өкілдері, Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, сондай-ақ өнер, медиа және қоғам қайраткерлері бар. Атап айтқанда: Өктем Алтаев, Асхат Тарғын, Жұбаныш Жексенұлы, Мақсат Базарбаев, Саят Нұрғазин, Дәурен Байбөрі, Марта Төлепберген, Гусман Кыргызбаев және тағы басқалар.

Мәселен, Қазақстандық дзюдошы, 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Гусман Кыргызбаев өз видеоқұттықтауында Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» атты өлеңінен үзінді оқыды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» атты шығармасын орындап, эстафетаны танымал әнші Мақсат Базарбаевқа жолдады. Өз кезегінде ол «Көзімнің қарасы» әнінен үзінді орындады.

Челлендж кеңінен таралып, үлкен мәдени қозғалысқа айналуда. Бұл қозғалыс қазақстандықтарды Абай ұстанған — білімге ұмтылу, әділдік, адамгершілік және өзін-өзі дамыту сияқты мәңгілік құндылықтар төңірегінде біріктіруде.

Кез келген адам Абайдың өлеңдерінен, «Қара сөздерінен» немесе басқа шығармаларынан үзінді оқып, қысқа видеоқұттықтау жаза алады. Бейнеролик соңында қатысушылар челленджді достарына, әріптестеріне, таныстарына және жазылушыларына жолдап, оларды акцияға қосылуға шақырады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату