Жаңалықтар

Шавкат Рахмоновтың жұбайы тергеуде – Апатта екі әйел қаза тапты

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, UFC-де өнер көрсететін танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы – Гүлайым Рахмонова екі әйелдің өмірін қиған жол апатына байланысты “қорғану құқығы бар куә” мәртебесінде тергеуге алынған.

Қазір бұл іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр: қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алынуда. Полицияның хабарлауынша, Рахмонова жауап берген. Қазір ол Алматыдағы ауруханада жатыр.

— Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заң аясында процессуалдық шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Қайғылы жағдай Мойынқұм ауданында болғаны туралы айтқанбыз. Әйел адам Қарағандыдан Алматыға баласы және екі жолаушы әйелмен бірге келе жатқан. Жол апаты салдарынан екі әйел қаза тапты.