Жалпы, 2025 жылдың басынан бері ақылы медициналық қызметтердің бағасы 16,1 пайызға көтерілген. Ең көп қымбаттаған – зертханалық талдаулар мен тексерулер (+21,5%), алғашқы қабылдау (+19,5%). Сонымен қатар, мамандандырылған дәрігерлерге қаралу құны – 8,6 пайызға, тіс дәрігерінің қызметі – 12 пайызға артқан.
"Дәрігерге бару мен тексерістің қымбаттауына қарамастан, халық пен кәсіпорындар есебінен көрсетілетін қызметтен түсетін табыс биылғы бірінші тоқсанда 1,5 пайызға азайған. Бұған әсіресе ауруханалар табысының күрт қысқаруы себеп болды — бір жылда 39,4 пайызға төмендеген", – дейді сарапшылар.
Бұл жағдай бір жағынан мемлекеттік бюджет пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) кейбір шығындарды өз мойнына алуымен байланысты. Яғни халық кейбір қызметтерге аз төлейтін(тіпті тегін алатын) болған. Бұл жаңашылдықтар әсіресе перзентханаларға, әйелдер консультациясына және хирургиялық бөлімшелерге қатысты.
Алайда, жекеменшік клиникаларда мұндай шектеу жоқ. Сондықтан олардағы қызмет бағасы өсіп жатыр. Мысалы:
- жеке стоматологиялар табысын 48,9% көбейтсе,
- өзге де ақылы қызметтерден түскен пайда 26,1%-ға артқан.
«Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер қазақстандықтардың қалтасын жеңілдетті ме?» — деген сауалға сарапшылар: «Жоқ, керісінше, халық бұрынғыдан да көп ақша жұмсап жатыр», – деп жауап береді.
2025 жылдың алғашқы үш айында отбасылардың ақылы медициналық қызметке жұмсаған шығыны 28,3 пайызға артқан. Бұл – әр адамға шаққанда тоқсанына орта есеппен 4,6 мың теңге (2024 жылы – 3,6 мың тг) деген сөз.
Алайда, өңірлерде айырмашылық бар. Мысалы:
- Шымкентте — әр тұрғын тоқсанына 1,3 мың теңге жұмсаса,
- Астанада — 8,9 мың теңге,
- Қарағанды облысында — 9,8 мың теңге, бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Ал ең қымбат медициналық қызмет түрі — стоматология. Жыл ішінде бағасы 26,1 пайызға өскен. Ал ауруханада ақылы ем алу бағасы тіпті 1,5 есе, яғни 54,1%-ға қымбаттаған.