Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстандықтарды отандық емес, қытайлық автонарық құтқаруы мүмкін

Жылдың алғашқы жартысында елде тіркелген 159 мыңнан астам көліктің небәрі 11 пайызы ғана үш жасқа толмаған, яғни жаңа деуге келеді. Қалғанының бәрі — ескі, тозығы жеткен техника. Шамамен үштен бірі – 20 жылдан астам уақыт бойы қолданыста жүрген көліктер. Автокөлік алып-сатарларының тілімен айтқанда, нағыз «темір-терсек». Қазақстандағы көлік жағдайы туралы осы деректің өзі-ақ көп нәрсені аңғартады, деп хабарлаймыз Exclusive.kz сайтына сілтеп.

Қазақстандықтарды отандық емес, қытайлық автонарық құтқаруы мүмкін
Фото: ашық дереккөз

Ресми мәліметке сүйенсек, биылғы алты айда елде шығарылған жаңа көліктер саны 14 пайызға өсіп, қаржылай көрсеткіш 22 пайызға артқан. Жалпы, елде көлік өндірісі жыл сайын ұлғайып келеді. Соңғы 20 жылда жеке меншіктегі жеңіл автокөлік саны үш еседен астам көбейген.

Алайда, қазіргі кезде тіркеуде тұрған 6,4 млн-нан астам көліктің 36 пайызы – 20 жылдан астам уақыт бойы жүрген машиналар. 21 пайызы – 10-20 жыл, 9 пайызы – 7-10 жыл аралығында қолданыста. Сарапшылар мен көлік жүргізушілерінің пікірінше, автосалоннан жаңа алынған көлікті ең тиімді пайдалану мерзімі — 5-7 жыл. 10 жылға дейін мінуге болады, бірақ бұл жағдайда көлік иесі күрделі жөндеуге қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр болуы мүмкін. Яғни, елдегі әр үш көліктің екеуі жаңартуды қажет етеді. Дегенмен, билік көлік импортына шектеу қойып, отандық өндірісті қолдау деген желеумен сырттан көлік әкелуді қиындатып отыр.

Қанша көлік қайда шығарылды?

Үкімет мәліметінше, соңғы жылдары көлік өндірісі қарқынды дамып келеді: 2018 жылы 31 мың көлік шығарылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 145 мыңға жеткен. Осы кезеңде машина жасау саласының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 13 пайыздан 19 пайызға өскен. 2024 жылы бұл салада 4,6 трлн теңгенің өнімі өндірілген.

2025 жылдың алғашқы алты айында отандық зауыттарда 996,9 млрд теңгенің (шамамен $1,94 млрд) 71,5 мың автокөлігі құрастырылған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14 және 22 пайыздық өсім деген сөз. Соған қарамастан, нарықтағы баға төмендеп келеді дейді сарапшылар.

«Биылғы қаңтар-мамыр аралығында жаңа көліктің орташа бағасы 15,9 млн теңге болды. Былтыр бұл көрсеткіш сәл жоғары – 16,1 млн теңге еді», – дейді «Қазақстан автомобиль одағының» президенті Анар Макашева.

Одақ дерегіне сүйенсек, алғашқы жартыжылдықта Қостанайдағы Allur зауытында – 39 049 көлік, Алматыдағы Hyundai зауыттарында – 27 109 көлік, Семейде – 1 975 техника, Қарағанды облысында – 830, Көкшетауда – 667 техника өндірілген. Қалған өзге өндірушілер – 1 864 техника құрастырған.

Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы кезеңде елде 159 232 көлік тіркелген. Оның 143 034-і – жеңіл көлік, 138,6 мыңы – жеке тұлғаларға тиесілі. Ал жаңа немесе шетелден жаңадан әкелінген көліктер саны небәрі – 27 700. Қалған 131 500 техника – бұрын тіркеліп, қайта сатылған немесе иесі ауысқан ескі көліктер.

Жасына қарай қарасақ, тіркелген көліктердің ішінде үш жылдан аспағандары – 17 900, үш пен жеті жыл аралығы – 39 900, жетіден он жылға дейін – 7 800, оннан жиырма жылға дейін – 43 400, ал 20 жылдан асып кеткені – 50 100.

Осылайша, тіркелген 159 мыңнан астам көліктің 90 пайызы – жеңіл көлік, 87 пайызы – жеке меншік. Тек 11 пайызы ғана салыстырмалы түрде жаңа деуге келсе, қалғаны ауыстыруды қажет етеді. Бұл – Қазақстандағы машина жасау мен автосала ахуалының ең шынайы көрінісі.

Қытай нарығы бағаны түсіреді

Соңғы жылдары биліктің автонарықтағы саясаты қоғамда жиі сынға ұшырап жүр. Үкімет ескі көлік әкелуді қиындатты, салықтар мен баж алымдарын көтерді. Ал ел ішінде жаңа көлік сатып алу жылдан-жылға қиындап барады. Бағаның аздап төмендегеніне қарамастан (1,2%), орташа жалақы 423,1 мың теңге болған елде жаңа көлікке 15,9 млн теңге төлеуге кез келгеннің шамасы жете бермейді.

Сондықтан қазақстандықтардың жартысы көлікті несиеге алады. Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, биыл бірінші тоқсанда 213 мың автонесие берілген. Бұл – 36 пайыздық өсім. Несие сомасы 483 млрд теңгеге жеткен (+22%). Алайда, өтініштердің тек 15,7 пайызы ғана мақұлданады. Яғни көлік алғысы келетіндер көп, бірақ шарттары өте ауыр.

Мысалы, бағасы 7,5 млн теңге тұратын көлікті 7 жылға несиеге алсаңыз, банкке төлейтін жалпы сома 15 млн теңгеден асады. Яғни, көліктің құнын екі есе өтейсіз.

Қаржыгерлер орташа қарыз алушының бейнесі де өзгеріп жатқанын айтады: қазір 3-тен 10 млн теңге аралығындағы несиеге өтініш беретіндер көбейген. Бұл халық табысының төмендегенін де көрсетеді.

2004 жылы әр 100 адамға 7,6 жеңіл көліктен келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш – 23,9. Дегенмен, автопарктің екіден бірі ескіріп, жаңартуды қажет етеді. Ал несиенің қазіргі шарттарын ашық тонау деуге болады.

90-жылдар мен 2010 жылдарға дейін қазақстандықтар көлікті негізінен шетелден алатын. Кейбірі делдалдар арқылы тапсырыс берсе, енді бірі шетелге өзі барып әкелетін. 2016 жылдан бастап утилизациялық алым мен кедендік төлемдердің көтерілуі импортты тиімсіз етті.

Бірінші болып бұған көлік алып-сатарлары наразылық білдірді. Олар бұрынғыдай шетелден көлік әкеле алмай қалды. Ал үкімет бұл шешімді елде автоөндірісті жолға қою үшін қажет деп түсіндірді.

Алайда сарапшылардың айтуынша, отандық өндірістегі шынайы локализация деңгейі – 5-30% аралығында ғана. Нақтырақ айтсақ, шетелдік көліктердің тек бөлшектері жиналып, «қазақстандық» көлік ретінде сатылып жатыр.

Утильсборға қарсы белсенділер бірнеше мәрте шекарадан дайын көліктердің кіргізіліп, Қазақстанда құрастырылған болып тіркеліп жатқанын дәлелдейтін видеолар таратқан.

Бүгінде көліктердің 50%-ын көлік иелері өздері сатады, 40%-дан астамы – алып-сатарлар арқылы өтсе, тек 5%-ын ғана ресми дилерлер сатады. Бұл – екінші нарықтағы алғашқы салалық конференцияда айтылған дерек.

Демек, елде сатылып жатқан көліктердің тек 5%-ы – жаңа, ал 95%-ы – қолданыста болған көліктер. Оның үстіне, нарықтың 40%-дан астамын бейресми алыпсатарлар иеленіп отыр.

Десе де, мамандар соңғы жылдары нарық өзгеріп жатқанын айтады. Қытай көліктерінің үлесі артып, жаңа көлік таңдаудағы мүмкіндік көбейген.

Көлік саудасымен айналысатын сарапшылардың сөзінше, болашақта көлік те смартфон сияқты қолжетімді болады: таңдау көп, баға әртүрлі, бренд те жеткілікті.

Қазір, мысалы, соңғы iPhone немесе Samsung алмасаңыз да, жаңа, жақсы жұмыс істейтін, қажетті қосымшаларды көтеретін телефонды оңай әрі қолжетімді бағада, тіпті бөліп төлеуге табуға болады. Бұл – қытайлық брендтердің көптеп шығуымен байланысты.

Мүмкін, автонарық та осындай бағытқа бет алар. Қытай көліктері соған мүмкіндік береді. Ал отандық автоөндірістен мұндай серпіліс күту әзірге бос үміт сияқты. Себебі, Қазақстан автокөлік одағының дерегіне сүйенсек, соңғы төрт жылда қытай көліктерінің нарықтағы үлесі 39%-ға жеткен. Бұл үрдіс жалғасып жатыр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату