Осы мерейтой қарсаңында елімізде түрлі патриоттық, тарихи-ағартушылық іс-шаралар өткізіледі. Ардагерлермен кездесулер, ескерткіштерге тағзым ету, мектептерде «Жеңіс сабақтары», музейлерде арнайы көрмелер ұйымдастырылып, жастарға батырлардың өмір жолы үлгі етіп көрсетіледі.
Бүгінде көзі тірі ардагерлер саны күннен-күнге азайып келеді. Олардың әрқайсысы – тірі тарих, асыл мұра. Оларға құрмет көрсету – мемлекет пен қоғамның парызы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, медициналық қызмет көрсету, пәтермен қамтамасыз ету шаралары жалғасып келеді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы — өткенді ұлықтап, келешекке жауапкершілікпен қарауға үндейтін маңызды белес. Бұл тек соғыс тарихын еске алу ғана емес, ел мен жердің қадірін ұғыну, бейбіт өмірдің бағасын түсіну. Бүгінгі тыныш өмірдің, тәуелсіз мемлекеттің, болашақ ұрпақтың бақуатты тіршілігінің негізінде — осынау қасиетті Жеңістің рухы жатыр.
Ұлы Жеңіс — ұлт жадысында мәңгі жаңғырып тұратын рухани темірқазық. Оны ұлықтау — борыш, сақтап қалу — міндет, ұрпаққа аманат ету — парыз.