«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Венгрияға алғашқы мұнай партиясын «Дружба» құбырын пайдаланбай, Хорватия арқылы жөнелтті. Жеткізу венгриялық MOL Group компаниясымен әріптестік аясында жүзеге асты.
КМГ мәліметінше, көлемі 85 мың тонна болатын қазақстандық мұнай Венгриядағы «Сазхаломбатта» мұнай өңдеу зауытына арналған. Жүктің теңізбен Новороссийск портынан Хорватияның Омишаль қаласына дейінгі бөлігін «Қазмортрансфлот» жүзеге асырды. Ал зауытқа дейін мұнайды хорватиялық JANAF компаниясы басқаратын Адриат теңізі мұнай құбыры арқылы жеткізеді.
Танкер Хорватияға жеткен соң, КМГ, MOL Group және JANAF өкілдері кездесіп, өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Нәтижесінде КМГ мен MOL Group арасында мұнай жеткізудің келешегіне қатысты негіздемелік келісімге қол қойылды. Бұл құжат қазақстандық мұнайдың Еуроодақ нарығына шығу аясын айтарлықтай кеңейтуге жол ашады.
«ҚазМұнайГаз» MOL Group-пен Батыс Қазақстан облысындағы Рожков газконденсат кен орнында да бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Айта кетейік, Қазақстан Ресей аумағын және «Дружба» құбырын айналып өтіп, өз мұнайын Еуропаға жеткізудің балама жолдарын қарастырып жатыр.
АҚШ-тың Қазақстандағы болашақ елшісі болуы мүмкін Джули Стаффт та еліміздің мұнай экспортын әртараптандыруына қолдау көрсетуге уәде берген болатын.