Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Алматыда БҰҰ орталығы ашылды: Тоқаев пен Гутерриш не айтты?

Алматы қаласында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) арналған аймақтық орталығы ресми түрде ашылды. Қазақстан мен БҰҰ арасындағы тиісті келісімге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен қол қойылды.

Алматыда БҰҰ орталығы ашылды: Тоқаев пен Гутерриш не айтты?
Фото: Ақорда

Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаның Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл аймақ пен халықаралық қауымдастық үшін маңызды екенін атап өтті.

– Бұл Орталық – БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ұзақ жылғы жемісті ынтымақтастықтың жаңа кезеңі. Геосаяси тұрақсыздық пен климаттық дағдарыс тереңдей түскен шақта Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде басты рөл атқаруы тиіс. Қазақстан – осы ұйымның жауапты әрі бейбітсүйгіш мүшесі ретінде әрдайым көпжақты дипломатияны қолдап келеді, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, орталықтың Алматыда ашылуы – Орталық Азияның өсіп келе жатқан стратегиялық маңызын айғақтайды. Өңір елдері көршілік байланыстарды нығайтып, экономикаларын әртараптандыруға, адами капиталға инвестиция салуға және әлеуметтік реформалар жүргізуге басымдық беріп отыр.

– Біз Орталық Азияны жаһандық мәселелерді шешуде белсенді араағайын бола алатын өңір ретінде дамытуға мүдделіміз. Осы тұрғыдан алғанда, БҰҰ орталығының ашылуы – уақытылы әрі стратегиялық қадам, – деді президент.

Мемлекет басшысы бұл орталық өңір елдерінің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, экономикалық серпінді арттырып, инновация мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Арал теңізінің тартылуы, Каспий суының азаюы сияқты өңірлік экологиялық мәселелерді шешу үшін БҰҰ-ның белсенді қатысуы қажет. Осы мақсатта 2026 жылдың сәуірінде Астанада БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп өңірлік экологиялық саммит өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Антониу Гутерриш өз сөзінде Қазақстанды "бейбітшіліктің символы" деп атады. Ол еліміздің тұрақты даму жолындағы бастамаларына жоғары баға беріп, Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістерге қолдау білдірді.

Президент Тоқаевтың айтуынша, Тұрақты даму мақсаттары – Қазақстанның ұлттық стратегиясының басым бағыты. Елде заң үстемдігіне негізделген әділетті мемлекет құру, адам құқықтарын қорғау, экологиялық стандарттарды сақтау, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру басты міндеттердің бірі болып қала береді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық елдер мен ұйымдарды Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында күш біріктіруге шақырды. Ол БҰҰ Бас хатшысына әлемдік ұйымға басшылық етіп отырған күрделі кезеңдегі қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.

– Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы барлық бастамаларын қолдай береді, – деді мемлекет басшысы.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату