"Синьхуа" агенттігінің дерегінше, төлем 20 миллионнан астам отбасыны қамтуы мүмкін. Жәрдемақы 2022 жылдан кейін дүниеге келген балаларға да беріледі – оларға жартылай өтемақы қарастырылған.
Бұл шешім ондаған жыл бойы жүргізілген "бір отбасы – бір бала" саясатының түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Бұған дейін түрлі өңірлер туу көрсеткішін арттыру үшін түрлі шаралар қабылдағанымен, нәтиже болмаған. 2024 жылы Қытайда 9,54 миллион бала дүниеге келді – бұл өткен жылмен салыстырғанда сәл көп. Алайда халық саны үшінші жыл қатарынан кеміп келеді. Елде өлім саны туудан асып түскен, ал некеге тұру деңгейі 20%-ға төмендеген.
Үкімет бұл жаңа жүйені тікелей әлеуметтік төлемдердің негізі ретінде қарастырады. Дегенмен Capital Economics сарапшыларының пікірінше, бұл көмектің әсері шектеулі болады – ол қысқа мерзімде бала туу көрсеткіші мен ішкі сұранысқа айтарлықтай ықпал етпейді. Себебі Қытайда бір баланы 17 жасқа дейін тәрбиелеу үшін шамамен 75,7 мың юань қажет, бұл көрсеткіш бойынша ел әлемдегі ең қымбат мемлекеттердің бірі.
Билік бұл мәселені тек ақша арқылы ғана емес, кешенді тәсілмен шешуге ниетті. Кейбір өңірлерде қосымша ынталандыру шаралары бар: мысалы, Хух-Хото қаласында үшінші балаға 100 мың юань берілсе, басқа қалаларда мектепке дейінгі білім тегін ұсынылады. Үкімет осының бәрі жас отбасыларға қолайлы жағдай жасап, олардың бала сүюге деген құлшынысын арттырады деп үміттенеді.
Алайда сарапшылар мәселе тек қаражатқа байланысты емес екенін айтады. Басты кедергілердің қатарында – тұрғын үй бағасының жоғары болуы, балабақшалардың жетіспеуі, аналарға жұмысқа орналасудағы тосқауылдар және қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік көзқарастар бар.
Бұған дейін Қытай Халық банкі ел билігін бала тууға қатысты кез келген шектеуді шұғыл түрде алып тастауға шақырған. Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Қытайда қарттар саны екі есе өсіп, 500 миллионға жетеді. Ал жұмысқа қабілетті халықтың үлесі алдағы жылдары күрт кеміп, Қытайдың демографиялық артықшылығын жойып жібереді.