Жаңалықтар

Жаңа туған нәрестесін пойыздан лақтырған әйел мәжбүрлі емдеуге жіберілді

Қарағанды облысында жаңа туған сәбиін пойыздан лақтырып жіберген әйел ақыл-есі дұрыс емес деп танылды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Осақаров аудандық сотының шешімімен әйел арнайы медициналық мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 20 сәуірде «Қарағанды-Сұрыптау – Сарыбел» бағытымен жүретін жолаушылар пойызында болғанын хабарлағанбыз. Әйел вагонның санитарлық бөлмесінде медициналық көмексіз босанған. Сол сәтте психикалық күйінің асқыну жағдайында нәрестесін санитарлық тесіктен лақтырып жіберген. Сәби теміржол бойына құлап, алған жарақатынан көз жұмған.

Тергеу мәліметінше, әйелдің психикалық дертке шалдыққаны анықталған. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.