Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ұлттық қорда қанша қаржы бар? Балаларға қанша доллар бөлінді?

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы активтердің көлемі 66,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі хабарлады. Толық есеп Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің ресми сайттарында жарияланды.

Ұлттық қорда қанша қаржы бар? Балаларға қанша доллар бөлінді?
Фото: egemen

Аталған соманың ішінде:

  • валюталық портфель – 58,8 млрд доллар,
  • теңгедегі активтер – баламасы 7,4 млрд доллар.

Жылдық инвестициялық табыс 4,6 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл – валюталық портфель бойынша 7,59% табыстылық көрсеткіші. Инвестиция кірісінің өсуі активтерді сақтау тәсілінің өзгеруімен байланысты: соңғы жылдары Ұлттық банк тәуекелі аз құралдардан табысы жоғары активтерге біртіндеп көшті. Мәселен, табысы жоғары құралдардың үлесі 20%-дан 40%-ға дейін артқан. Сонымен қатар, 2023 жылы қор ішінде баламалы қаржы құралдарының портфелі құрылған.

Бұл өзгерістер Ұлттық қордың инвестициялық тиімділігін арттырып, сыртқы нарықтағы тұрақсыздықтарға төтеп беру қабілетін күшейтті.

Ақша қайда жұмсалды?

2024 жылы қордан 6,3 триллион теңге жұмсалды. Оның:

  • 5,6 трлн теңгесі республикалық бюджетке тікелей трансферт ретінде бөлінген;
  • 705 млрд теңге отандық қаржы құралдарын сатып алуға бағытталған.

Мұның ішінде:

  • «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алуға – 467 млрд теңге,
  • Самұрық-Қазына облигацияларына – 238 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалады.
  • 2024 жылы мұнай саласынан Ұлттық қорға түскен түсім көлемі 3,8 триллион теңге болды.

«Ұлттық қор – балаларға»:  әр балаға қанша бөлінді?

2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша барлық қатысушы балаларға есептелген жалпы сома 696 миллион долларды құрады.

2024 жылдың басында әр балаға 100 доллар 52 цент үлестірілді.

Ал 2025 жылғы қаңтарда (2024 жылдың қорытындысы бойынша есептеу кезінде) 129 доллар 38 центтен бөлінді.

Бұл сома жыл сайын Ұлттық қордың ұзақмерзімді инвестициялық кірісінің 50%-ынан құралады.

Балалардың атына есептелген қаржы олар 18 жасқа толғанға дейін қор ішінде инвестициялана береді. Бұл қаржы өсіп, болашақта қосымша табыс әкелмек.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату