Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың жазында әкім Кенбаев ауыл тұрғыны Светлана Ділманованың атына тұрғын үй салуға арналған жер телімін рәсімдеген. Құжат жүзінде бәрі заңды көрінгенімен, кейін мониторинг барысында бұл адамның әкімнің туған анасы екені анықталған. Бұдан соң әкім телімнің шекарасын нақтылап, тағы да шешім шығарып берген.
Кенбаев бұл жағдайларда да өзінің жеке мүдделі екенін басшылыққа хабарламаған. Ал бұл әрекеті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды тікелей бұзу болып саналады. Аталған заңға сай, мүдделер қақтығысы туралы жарияланып қана қоймай, оны жою шаралары да қабылдануы тиіс.
Бейнеу аудандық сотының шешімінде Кенбаевтың кінәсі жазбаша түсініктемесімен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, превенция басқармасы қызметкерінің рапортымен және өзге де құжаттармен дәлелденгені жазылған.
Сотта әкім кінәсін мойындап, бұл әрекетті «қателік» деп атаған. Сондай-ақ отбасының қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтып, айыппұлды жеңілдетуді сұраған. Нәтижесінде сот оған 393 200 теңге көлемінде айыппұл салды.
Бұл жағдайға қатысты Нұржан Кенбаев тілшіге пікір білдіріп, әкімшілік айыппұлды толық өтегенін айтты.
— Анам, Бейнеу ауылының тұрғыны ретінде, үйі мен бизнес нысанының арасындағы бос жерді сатып алуға өтініш берген. Ол — кәсіпкер. Бұл жер оған тегін берілген жоқ, заң бойынша сатып алды. Барлық түбіртек пен құжаттар бар. Бұл жерде заң бұзу жоқ. Тек менің тарапымнан қателік болды: әкім ретінде жер сатып алушының менің анам екенін ескертіп айтуым керек еді. Бұл талапты білмедім, сол үшін айыппұл төледім, — деді әкім.