Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Ішек-қарнын шашып кетті»: Алматыдағы қанды оқиғадан кейін күдіктіні босатып жіберген прокуратура сынға қалды

2023 жылдың қарашасында Алматының орталығында қатыгездікпен өлтірілген Багаудин Озиевтің әпкесі прокуратураны істі созбалаңға салып, "кісі өлтіру" бабын "қорғаныс шегінен асып кету" бабына ауыстырды деп айыптады. Әйел адамның бұл туралы жазған эмоциялық видеомәлімдемесі желіде тарап жатыр. Онда ол құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін және "прокуратураның бассыздығын" сөз етеді.

«Ішек-қарнын шашып кетті»: Алматыдағы қанды оқиғадан кейін күдіктіні босатып жіберген прокуратура сынға қалды
Видеодан скриншот

– Ағамды қала ортасында бір топ адам жабылып өлтірді, ішек-қарнын шығарып жіберді. Ал қазір істі күдіктінің жазадан құтылып кетуіне ыңғайлап жатыр, – дейді марқұмның әпкесі.

Әңгіме — Аким Задорожный есімді күдікті туралы. Жәбірленуші тараптың айтуынша, ол тергеуден 1,5 жылдан аса уақыт бойы бой тасалап жүрген, кейін өз еркімен берілген. Соған қарамастан, Медеу ауданының прокуроры оны тергеу изоляторында екі ай да отырмай жатып босатып жіберген.

Туыстарының сөзінше, мұның алдында іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша тергеліп келген, алайда кейін ол 112-бапқа — «Қажетті қорғаныс шегінен асып кету арқылы ауыр зиян келтіру» бабына ауыстырылған. Марқұмның жақындары бұл шешімді «ақылға қонбайды» деп отыр.

Алматы прокуратурасының ресми мәліметіне сүйенсек, қазір бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталған, тараптар іспен танысып жатыр. Кейін іс Медеу аудандық прокуратурасына заңдылық пен соттылығын анықтау үшін жолданбақ. Ведомство марқұмның әпкесінің бұған дейін де қабылдауға жазылып, сөйлескенін айтты. Тергеу мәліметтері ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Қанды оқиға 2023 жылдың 25-інен 26-қарашаға қараған түні Алматы орталығындағы караоке-бар маңында болған. Қақтығыс алдымен мекеме ішінде басталып, кейін көшеде жалғасқан. Сол жерде Багаудин Озиев бірнеше рет пышақталып, ауыр жарақаттан көз жұмды. «Орда» медиа жариялаған бейнежазбалардан оқиғаның барысы анық көрінеді: қақтығыс көшеге шығып, сол жерде марқұм пышақ жарақаттарын алады. Қатысушылардың бірі уақытша қамауға алынып, екіншісі іздеуде жүргені айтылады, қалғандары — марқұмның достарының айтуынша — ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Желіде ММА жекпе-жекшісі, Задорожный бауырларына жақын дос Артём Резниковтың пікірі де тарады. Ол кісі жағдайды «өзін-өзі қорғау» деп сипаттайды. Оның айтуынша, Озиев алдымен пышақ шығарған, сондықтан Валентин Задорожный оған жауап ретінде шабуыл жасаған. Резниковтың сөзінше, Валентиннің өзі де сол түні жарақат алып, ауруханада «ішек-қарнын қолымен ұстап тұрған».

Ал марқұмның бауыры мен достары бұған мүлде келіспейді. Олар Озиев Задорожныйлармен бұрынғы кикілжің мен берешек мәселесін сөйлесу үшін ғана барған дейді. Даудың басы — Ислам Гагиев деген адам караоке-бардың мүлкіне зиян келтіріп, өтемегені көрінеді. Сол үшін кездесуге келген.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату