Energyprom сарапшыларының дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 1,9 млн гектарға жеткен. Алайда соның небәрі 26,3 пайызы ғана заманауи суару технологияларымен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспардан бес есе баяу жүріп жатыр: жылына кемі 150 мың гектарды жаңарту керек болса, нақты көрсеткіш – бар болғаны 30 мың гектар.
Егістік алқаптарға арналып өзендерден алынатын судың көлемі де азайып келеді. Мысалы, 2020 жылы бұл көрсеткіш 12,1 миллиард текше метр болса, 2024 жылы 11,4 миллиардқа дейін қысқарған. Оның жартысынан көбі Түркістан мен Қызылорда облыстарына тиесілі – бұл өңірлерде су тапшылығы ең өткір сезіледі. Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары өзен бассейндеріндегі су ресурстары бұдан да азаюы мүмкін.
«Бұл жағдай климаттың жалпы өзгерісімен қатар келгенде, Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы егіншілікке қатер төндіреді. Бұған қосымша, елдегі су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы, су шығынының тым жоғары болуы және су үнемдеу технологияларының өте баяу енгізілуі жағдайды ушықтырып отыр. Мысалы, негізгі суармалы жерлер шоғырланған оңтүстік өңірлерде мұндай инновациялар небәрі 3% алқапта ғана қолданылады», – деп жазады Energyprom.
Бүгінде суармалы егіншіліктегі су шығыны кей аудандарда 50%-ға дейін жетеді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті кемінде 25%-ға түсіру жоспарланған. Бұл ретте ирригациялық техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға инвестиция салудың маңызы арта түспек. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстанда су тапшылығын шешуге жүздеген миллион доллар қажет.
«Еуразиялық даму банкінің мамандарының бағалауынша, 2026–2030 жылдар аралығында Орталық Азияның бес елінде суару жүйелерін жаңартуға бөлінетін инвестиция көлемі 2,1 миллиард доллардан асады. Соның 515 миллион доллары Қазақстанның үлесіне тиеді. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі – 370 миллион доллары – жаңбырлатып суару жүйелерін сатып алуға жұмсалады. 2031–2040 жылдары да инвестицияның басым бөлігі осы бағытқа бөлінеді. Келесі онжылдықта Қазақстандағы суармалы егіншілікті дамытуға жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтайды», – деп түйіндейді Energyprom.