Сұмдық оқиға болардың алдында Мария құрбыларымен бірге Дубайға демалуға келген. Бір аптадан кейін құрбылары Ресейге қайтып кетеді. Ал Мария Тайландқа ұшуды жоспарлайды. Алайда рейске кешігіп, қалада қалып қояды. Сол сәтте бірнеше күн бұрын караокеде кездескен Артем Папазовпен кездейсоқ кездесіп қалады.
«Мен рейсіме кешігіп қалғанымды айттым. Ол әкесінің жеке ұшағын сұрап, Тайландқа бірге ұшуды ұсынды. Әзірге қонақүй нөміріне барып, достарымен бірге уақыт өткізуге шақырды», - дейді Мария.
Бастапқыда бәрі жақсы өткен. Қыз өзін қауіпсіз сезінген, тіпті анасына хабарласып, бәрі жақсы екенін жеткізген. Алайда келесі күні жағдай өзгерген.
«Олар ішімдік ішіп отырды, есірткі де қолданды. Өйткені «ақ ұнтақты» көрдім. Сосын маған қол көтеріп, «сен бізге тиесілісің, саған білгенімізді істейміз» деп қоқан-лоққы көрсете бастады. Паспорт пен заттарымды тартып алды, бөтелкелерді сындырып, балконға қашып шыққан мені қайтадан ішке кіргізді. Бөлмеде қыздар да болды», - дейді ол.
Ковальчук амалын тауып, пәтерден қашып шыққан. Артынан екі жігіт қуады. Қыз әлі салынып бітпеген ғимараттың ішіне кіріп тығылады. Бірақ оны артынан қуып келгендер тауып алады.
«Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Басымнан ұрған болуы керек, не мені лақтырып жіберген. Тағы бір есімді жиғанда жол жиегіне шығып, көлік тоқтаттым. Жүргізуші полиция шақырды», - деді Мария.
Мария Ковальчук 19 наурызда қолы, аяғы, омыртқасы сынған күйде жол жиегінен табылды. Полицияның ресми мәлімдемесінде қыздың өзі құрылыс алаңына жалғыз кіріп, биіктен құлағаны айтылған. Алайда модельдің айтуынша, бұл мәлімет толық шындыққа жанаспайды. Оның үстінде сол кеште ішімдік ішпегенін, есірткі қолданбағанын да атап өтті. Айтуынша, ер адамдар оған жыныстық зорлық көрсетпеген.
Оқиғаға қатысты ресейлік Артем Папазов пен оның танысы белорусь Александр Лаптинский ұсталып, бір күннен кейін босатылған. Тергеу барысында олар Ковальчукті іздеп, көмектеспек болғандарын айтып ақталған.
Марияның сөзінше, олар өте ауқатты отбасының балалары және үнемі осылай Дубайда кештер өткізіп тұрады екен.
Модель қыздың анасы Анна Ковальчуктың айтуынша, Дубай билігі емдеу шығындарын өтеген. Алайда олар қыздың отбасыдан оқиғаның егжей-тегжейін жарияламау жөнінде келісім алған, себебі бұл ақпарат Әмірліктің имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін. Украиналық модельдің сұмдық оқиғасы әлемдік БАҚ-та жедел тапрады. Әртүрлі нұсқалар айтылып, оның жергілікті шейхтердің кешіне қатысқаннан соң, қазіргі күйге түскені аталды. Алайда Марияның өзі ғаламтордағы деректерді жоққа шығарып отыр.
Мүгедек арбасына таңылған Мария қазіргі таңда Норвегияда ем алып жатыр.