Жаңалықтар

Қазақстандық блогерге Қытай қандай шара қолданды: пранк жасап басы дауға қалған Аружан Айбекова түсініктеме берді

Блогердің командасы оқиғаға түсініктеме берді.

Қытайда түсірілген пранк-видеолары үшін дауға қалған танымал қазақстандық блогер Аружан Айбекова өз парақшасында тараған ақпараттарға қатысты ресми түсініктеме жариялады. Командасының айтуынша, Қытайға сапардың негізгі мақсаты хайп немесе провокация емес, бизнес пен әлеуметтік жобалар болған.

«Біздің Қытайға келгенімізге 20 күн болды. Осы уақыт ішінде Гуанчжоудың ірі базарларын аралап, өз брендімізбен халал SPF өнімдерін шығару үшін жұмыс жүргіздік. Сонымен қатар, болашақта авторлық Қытай турларын ұйымдастыруды да жоспарладық», – делінген мәлімдемеде.

Команда өкілдері ел ішінде 100 балаға 100 мектеп сөмкесін тегін үлестіріп, қайырымдылық шарасын өткізгенін де айтып өтті.

Аружан бұл сапар барысында өзіне тән стильде бірнеше пранк-видео түсірген. Дегенмен, мәлімдемеде айтылғандай, ел мен мәдениет ерекшеліктеріне байланысты кейбір әзілдер шетелдік көрермендерге жағымсыз әсер еткен. Кейінгі видеоларында ол гүл таратып, мотивациялық жазуы бар парақшалар үлестірген. Бұл видеолар TikTok-та 5–10 миллионнан аса қаралым жинаған.

Қытай тарабы не деді?

Команда өкілінің айтуынша, видеолар жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң, 17 шілдеде Қытайдың түрлі медиасы блогерді оң бағытта таныстырып жазған. Алайда кейіннен кейбір видеолардың тек жағымсыз бөліктері кесіліп, резонанс тудырған. Бұл жағдай Қытай билігінің де назарын аударған.

«Қытай органдары бізбен байланысып, кей видеолар мазмұнына қатысты ескерту жасап, оларды өшіруді сұрады. Аружан барлық видеоларын өшіріп, келеңсіздік үшін кешірім сұрады», – делінген ресми түсініктемеде.

Қытай тарабы бұл жағдайда түсіністік танытып, жұмысын аяқтауға мүмкіндік берген. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда байланыс орнату үшін ресми байланыс нөмірлерін қалдырған. Қытай желілеріндегі видеолардың бұрмаланбауын өздері қадағалайтынын айтқан.

Бұған дейін не болған еді?

Бұған дейін Аружан Айбекова Қытайдың Гуанчжоу метросында түсірген пранк-видеоларынан кейін жергілікті жұрттың сынына ұшырап, полиция назарына іліккені хабарланған болатын. Толығырақ мына материалымыздан оқыңыз.