Блогерлерге арналған заң талабы қандай?
Қазақстандағы интернет кеңістікте жалған не бұрмаланған ақпарат – қарапайым тілмен айтқанда, жұртты алдау деректері азаймай тұр. Алайда соңғы жылдары мұндай заңбұзушылықтар жиі анықталып келеді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Мұндай мәселелерге тап болмас үшін Қазақстанның “Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы” заңын сақтау жеткілікті. Бұл заңда “инфлюенсер” немесе “блогер”, “жалған ақпарат” ұғымдары нақты түсіндірілген.
Мәселен, онлайн платформада кәсіпкерлік мақсатта көпшілікке арналған ақпаратты жариялайтын немесе тарататын адам – инфлюенсер немесе блогер болып есептеледі. Ал “жалған ақпарат” дегеніміз – шындыққа сәйкес келмейтін, не фактілерді бұрмалап, адамдарда жалған түсінік қалыптастыратын мәлімет.
Онлайн платформа деп интернет-ресурс, бағдарламалық жасақтама немесе мессенджерлер арқылы контентті алу, жасау, орналастыру, тарату және сақтау үшін қолданылатын қызметтерді айтады.
Заңда онлайн платформаларды пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері белгіленген. Демократиялық қағидаттар – сөз бостандығы, ақпарат алу мен тарату құқығы сақталған. Дегенмен, Бас прокуратураның ескертуінше, ақпаратты таратпас бұрын оның рас-өтірігін анықтап алу қажет. Себебі жалған мәлімет басқа адамның конституциялық құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылу қаупі бар.
Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабында жалған ақпаратты жариялау немесе тарату қарастырылған. Бұл бап бойынша кінәлі тұлға – блогер, жеке немесе заңды тұлға болсын – 20-дан 250 айлық есептік көрсеткішке дейін (яғни шамамен 78 мыңнан 980 мың теңгеге дейін) айыппұл төлейді. Егер дәл осындай заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, онда сот 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға құқылы.
Ал егер әдейі жалған ақпарат таратылып, оның салдарынан қоғамдық тәртіп бұзылуы немесе азаматтарға, ұйымдарға не мемлекетке айтарлықтай зиян келсе, онда бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қаралады. Мұнда “әдейі” дегеніміз – адам өзі таратқан ақпараттың жалған екенін нақты біліп тұрып жария етуі. Оның қауіптілігі – азаматтардың санасына әсер етіп, қоғамда дүрбелең немесе теріс пікір туғызуында.
Бас прокуратура бұл талаптар мен ережелер жалған ақпаратпен күресуге, фейк контенттің таралуын тоқтатуға көмектеседі деп отыр.