Жетісуда жүкті әйелді азаптап өлтірді: туыстары әділ жаза талап етуде
Алдымен отбасы ішіндегі жанжал басталған. Кейін ол бірнеше сағатқа созылған аяусыз азаптауға ұласқан. Дәрігерлердің айтуынша, Айзаттың қабырғалары, бас сүйегі, жақ сүйегі, саусақтары, омыртқасы мен тізелері түгелдей сынған. Денесінде көгермеген, жырылмаған, қанамаған жер қалмаған.
Медициналық қорытынды — тікелей азаптаудың көрінісі: жабық бас-ми жарақаты, миға қан құйылу, ми ісігі, бассүйектің түбі мен жамбас сүйектерінің сынуы, дененің әр жерінде сүйретілген іздер.
Айзаттың туыстарының айтуынша, оны арқанмен атқа байлап, далада сүйреген болуы мүмкін.
«Қайта-қайта шеңгелге, тасқа соғып, сүйретіп, сүйек қаңқасын ғана қалдырған...»
— дейді анасы Салтанат Жуманова көз жасын тыя алмай.
Күйеуі мал ұстайтын, жылқысы бар шаруа болған. Ал Айзаттың жарақаттарының сипаты — тізе терісінің сыдырылып, саусақ сүйектері мен байламдарының үзілуі, денесінің етке дейін қанаған жерлері — оны жай ұрған жоқ, нағыз азаптағанын аңғартады.
Марқұмның сіңлілерінің айтуынша, жуындыру кезінде білектеріндегі терісі түгел жұлынған — сүйекке дейін көрініп тұрған.
«Киімін шешкенде өзімізді ұстай алмай жылап жібердік. Анам есінен танып қалды. Денесінде сау жер жоқ еді.», — дейді әпкесі.
Оқиға куәгерлері түсірген кадрлар жаға ұстатады.
«Бұл — кәдімгі азаптау. Өзім 30 жыл фельдшер болдым. Мұндай жарақаттар құлап не ұрсысып қалудан болмайды. Жерге сүйреткеннен алған зақым. Сағаттап азаптаған»,— дейді марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова.
Кейін белгілі болғандай, Айзат жүкті болған. Бұл қорлықтың бәрі екі жасар қызының көз алдында болған. Қазір бала терең психологиялық күйзелісте.
«Тіл қатпайды. Тек басын құшақтап, таңертең “мама, мама“ деп сыбырлайды. Көлеңкеден қорқады, түнде ұйықтамайды. Бәрін көрді, бірақ айта алмайды. Ол — жалғыз үнсіз куәгер», — дейді туыстары.
Полиция дерегінше, Айзат Жуманова 22 маусым күні түнгі 02:30-да Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Жарты сағаттан соң оның қайтыс болғаны хабарланған. Алайда туыстары оған дейін-ақ оның демі тоқтағанын айтады.
Одан бөлек, ауруханаға жеткізер алдында оның денесі жуындырылып, киімі ауыстырылған көрінеді. Киімінен қан не зорлық белгілері табылмаған. Бұл қылмысты жасыруға талпыныс деген күдік тудырып отыр.
Куәгерлердің сөзінше, Айзаттың күйеуі ауруханада да мас болып, агрессивті мінез көрсеткен. Полиция оны қамауға алды.
Бірақ оқиғаның тағы бір жаға ұстатар тұсы — ауылдағы үнсіздік. Көршілер «ештеңе естімедік» дейді. Бір түнде бүкіл ауыл керең әрі соқыр болып қалғандай.
«Барлығы қорқады. Айзаттың күйеуінің туыстары бай, ықпалды адамдар. Жұрт жұмысынан, үйінен айырылып қалам ба деп қорқады. Кек алады деп қорқады. Сол үшін үндемейді», — дейді туыстары.
Ең сорақысы — Айбар Жанболат Қапал ауылдық округінің әкімі болуға кандидат ретінде ұсынылған.
Қазіргі тергеу ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі — «Абайсызда өлімге әкелген ауыр дене жарақатын салу» бойынша жүріп жатыр. Яғни заң жүзінде ол кісі өлтіруді мақсат етпеген болып есептеледі.
Айзаттың жақындары бұл бапты тым жеңіл деп санайды. Олар істі 99-баптың 3-бөлігіне — «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бабына ауыстыруды талап етуде.
«Бұл – жазатайым оқиға емес. Бұл — азаптау. Әдейі, біртіндеп, әдіспен азаптаған. Кейін бәрін жасыруға тырысты. Ол не істеп жатқанын білген», — дейді марқұмның туыстары.
Желі қолданушылары Айзатты Салтанат Нүкенованың тағдырына ұқсатып жатыр: тұрмыстық зорлық-зомбылық, өлтіру, із жасыру, қоғамның үнсіздігі.
Айзаттың анасы — қызынан, болашақ немересінен айырылды. Ал екі жасар қыз — анасынан. Ол таң сайын: «Мама! Мама!» — деп шошып оянады.