Жаңалықтар

«Салық – қауіпсіздік белдігі іспетті»: Жұманғарин жаңа кодекс туралы айтты

Қазақстанда жаңа Салық кодексі тек ҚҚС-ты (Қосылған құн салығын) көтеру туралы ғана емес. Бұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі мақсат – көлеңкедегі бизнесті ашық кеңістікке шығарып, дамуына жол ашу.

«Естеріңізде болса, бір кезде бәрімізге көлікте қауіпсіздік белдігін тағу міндеттелді. Бірақ сол сәтте бәрі бірдей таға қойды ма? Жоқ. Қазір ше? Ешкім таласпайды, бәрі отыра салып белбеуін тағады. Бұл да – сол сияқты. Салықты төле – тыныш ұйықта. Бірақ бұл бірден ұғыныла қоймайды», – деді Жұманғарин Астанада өткен Салық кодексіне арналған жиынның кулуарында.

Министрдің айтуынша, Қазақстан экономикасының шамамен 16,5 пайызы көлеңкеде қалып отыр, оған көбіне кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы себеп.

Жаңа кодекстегі басты жаңалық – ҚҚС мөлшері емес, арнайы салық режиміне деген көзқарастың өзгеруі.

«Адамдар не десе де, ҚҚС-тың төрт пайызға өсуі – аса үлкен өсім емес. Бизнестің өмірлік циклі деген бар: ең алғашқы кезеңде – „нәрестелік өлім“ деп атаймыз, кәсіпорын 2–3 жылда-ақ жабылып қалады. 12–14 жыл өмір сүріп, дамитын компаниялар – өте сирек», – деді министр.

Оның айтуынша, шағын кәсіп орта бизнеске, кейін ірі бизнеске айналудың орнына, керісінше, бөлшектеніп кеткен. Бұл – қазіргі жүйе аясында кәсіпкерлерге тиімді болған.

«Жаңа Салық кодексінің басты тетігі – өсуге ынталандыру. Қарапайым режиммен жұмыс істеп жүргендер, егер ірі компаниялармен серіктес болғысы келсе, жалпыға ортақ салық тәртібіне көшуі тиіс. Әйтпесе ҚҚС-ты есепке алу мүмкін болмайды, ал ірі бизнес онымен жұмыс істемейді. Біріншіден, бұл – кәсіпті өсіруге, жаңа деңгейге өтуге, табысты арттыруға ынталандыру. Екіншіден – мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру», – деді Серік Жұманғарин.