Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 маусым, 2025 / Аман ШАМАР / Сараптама

Түркістан – заңға құрметпен қарайтын қала

Түркістан – заңға құрметпен қарайтын қала, - деп хабарлайды newsroom.kz

Түркістан – заңға құрметпен қарайтын қала
Фото: uralskweek.kz

Түркістан – заңға құрметпен қарайтын қала

Қазақстандағы ең көне шаһарлардың бірі – Түркістан – бүгінде тек рухани орталық емес, заңның үстемдігі орныққан, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты берік ұстанған өңірге айналып келеді.

Қаланың даму қарқынына сай заң саласында да оң өзгерістер орын алып, құқық бұзушылықтың азаюы, полиция жұмысының ашықтығы, қоғамның құқықтық сауатының өсуі ерекше байқалуда. Жергілікті халық арасында заңға деген құрмет терең. Қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының еңбегі өлшеусіз. Сарапшылар Түркістанды бүгінде құқықтық мәдениеті жоғары өңірлердің бірі деп бағалап отыр.

Заңға бағыну – саналы азаматтықтың көрінісі

Соңғы жылдары Түркістанда қоғамдық тәртіпті бұзу, қылмыс жасау фактілері едәуір азайған. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда құқық бұзушылық 28%-ға төмендеген. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі подполковник Асылбек Сейітжанов қуанышпен жеткізді.

«Бүгінгі таңда қылмысқа қарсы күрестің басты бағыты – алдын алу. Біз бұқарамен кері байланысты жолға қойдық. Әрбір учаскелік инспектор өз аумағындағы тұрғындарды таниды, олармен тұрақты байланыста. Мұның нәтижесінде құқық бұзушылық болар-болмас кезде шешіліп жатады. Бұл – қоғам мен полиция арасындағы сенімнің жемісі» дейді ол.

Оның айтуынша, қала бойынша «Қауіпсіз аула», «Сергек қала» сынды бағдарламалар іске асырылып, тәртіпті бақылау жүйесі заманауи деңгейге жеткен.

Тәртіп сақтау – ұрпақтан ұрпаққа жалғасар дәстүр

Мемлекеттік қызметтің қиындығын жақсы білетін полиция ардагері, подполковник (отставкада) Серікбай Досманов та қазіргі жас буын полицейлердің жұмысына оң баға береді.

«Біз қызметте болған жылдары тұрғындармен жұмыс істеу өте күрделі еді. Қазір жас офицерлердің білімі жоғары, технологияны жетік меңгерген. Бірақ бастысы – адаммен қарым-қатынас жасай білу. Түркістан полициясы осыны ұстанып келеді. Бұл – бұрынғы буынның да еңбегі. Қазір мен жастарды көріп қуанып отырамын. Жұмыстарында тәртіп бар, адалдық бар» дейді ақсақал.

Серікбай аға бүгінде қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде полиция мен тұрғындар арасындағы байланысқа белсенді араласады. Оның айтуынша, қалада түнгі тәртіп бұзу, көше мәдениетінің төмендеуі сияқты қауіптер қазір сирек кездеседі.

Құқықтық тәрбие – мектептен басталады

Құқықтық мәдениеттің негізі бала кезден қаланатыны белгілі. Бұл ретте, жоғары санатты ұстаз Салтанат Мұқатайқызы құқықтық тәрбиеге ерекше көңіл бөлу керектігін айтады.

«Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Біздің мектепте "Құқық бұрышы", "Сынып сағаттары", "Сотқа саяхат", "Жас заңгерлер" үйірмесі секілді жобалар іске асады. Біз оқушылармен құқық бұзушылық туралы ашық сөйлесеміз, құқық қорғау органдарының өкілдерін жиі шақырамыз. Бұл балалардың бойында заңға деген жауапкершілікті қалыптастырады» дейді ол.

Мектеп директорының айтуынша, полиция қызметкерлері, прокурорлар мен судьялармен кездесу – оқушылар үшін үлкен мотивация. Балалар өз құқықтары мен міндеттерін ерте меңгере бастайды.

Құқықты түсінген адам – қылмысқа бармайды

Қоғамдағы тәртіп пен құқық бұзушылық психологиялық факторлармен де тығыз байланысты. Осы орайда, Түркістан қалалық №2 емханасының психологы Ажар Байкенқызы құқықтық сана мен ішкі мәдениет өзара өте байланысты екенін айтады.

«Көп жағдайда адамдар құқық бұзушылыққа білмей, эмоциямен барады. Ашулану, күйзеліс, әділетсіздікке қарсы тұру қабілетінің жетіспеуі – құқықтық тәртіпке әсер етеді. Сондықтан біз жастармен жұмыс істегенде эмоцияны басқару, қарым-қатынас жасау мәдениетін дамытуды да қатар үйретеміз. Құқықтық мәдениет – психологиялық тұрақтылықпен қатар дамуы керек» дейді ол.

Психологтың айтуынша, Түркістан жастарының эмоционалдық тұрақтылығы да жоғары. Себебі отбасы мен мектептен бастап тәрбиеге көңіл бөлінеді, зорлық-зомбылыққа төзімсіздік қалыптасқан.

 Полицияны есігі – бәріне ашық

Зейнеткер, түркістандық белсенді азамат Бекен Әбдіқасымұлы күнделікті өмірде құқық қорғау саласындағы оң өзгерістерді атап өтті.

«Қазір көршілерімізбен ауладағы чатта байланыстамыз. Күдікті адам байқалса, учаскелік полицей бірден келеді. Бұрынғыдай полицияны жаман көру жоқ. Қазір олар халыққа жақын. Қай жерде қиындық болса – көмектеседі. Бұл үлкен жетістік» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Қоғам тыныштығы – тұрақты жүйенің нәтижесі

Түркістан қаласы бүгінде құқықтық мәдениетті жүйелі түрде қалыптастырып жатқан, тәртіп пен тұрақтылықты басты құндылық еткен аймаққа айналды. Мұнда полиция мен халық арасындағы диалог тиімді жолға қойылған. Құқық бұзушылық көрсеткіші тұрақты түрде төмендеуде. Мектеп, колледж, ЖОО-ларда құқықтық тәрбие жүйелі жүргізілуде. Қоғамдық бақылау және бейнебақылау кең қолданылуда. Әлеуметтік желі, чаттар, "Жедел байланыс" жүйелері енгізілген.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату