Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Атырау облысында түйелер жаппай қырылып жатыр

Атырау облысының Құрманғазы ауданында мал иелерін алаңдатып отырған жағдай туындады: соңғы екі айда бірнеше ауылдық округте түйелердің жаппай қырылуы тіркелуде.

Атырау облысында түйелер жаппай қырылып жатыр
Фото: baibolsyn

Аудандық ветеринариялық қызметтің мәліметінше, бүгінде 200-ден астам түйе ауруға шалдыққан. Соның ішінде 84 түйе өлген. 73 малдың жағдайы жақсарса, 47-сі әлі де бақылауда.

Ауру жиі тіркелетін өңірлер — Дыңғызыл, Еңбекші, Макаш және Нұржау округтері. Жергілікті тұрғындар алаңдаулы, өйткені бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ.

«Биыл біздің ауылда жеті түйе өлді, оның бесеуі — інген, екеуі — боталар. Бұл жағдай екінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Мал қырылады, бірақ себебін ешкім нақты айта алмайды. Бұл жұқпалы дерт пе, әлде басқа нәрсе ме — түсініксіз. Жағдайды шұғыл тексеріп, шара қолдану қажет», — дейді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Фазилия Қабдолова.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, мамандар ауру мал мен өлекселерден сынама алып, зертханалық талдауға жіберген.

«Сібір жарасы, лептоспироз, бруцеллез, пастереллез, хламидиоз, листериоз, сальмонеллез және блютанг секілді аса қауіпті ауруларға сараптама жүргізілді. 2025 жылдың 30 маусымындағы Ұлттық ветеринария референттік орталығының қорытындысы бойынша, бұл аурулардың ешқайсысы анықталған жоқ», — делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Жергілікті билік мәселені тереңірек зерттеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінен Биологиялық қауіпсіздік және Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын өңірге жіберуді сұрады.

Ветеринарлардың болжамынша, бұған улану, паразиттер жұғуы немесе маса мен сона секілді қансорғыш жәндіктердің шағуы себеп болуы мүмкін. Ауырған түйелер мамандар бақылауымен ем қабылдауда.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату