Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Атырауда бассейнге барған 13 бала хлордан уланып, ауруханаға түсті

Атыраудағы танымал демалыс орындарының бірінде демалыс қайғылы оқиғаға айнала жаздады. Химиялық затпен улану белгілерімен 13 бала мен 2 ересек адам ауруханаға түсті. Үш бала тіпті түнді жансақтау бөлімінде өткізген, деп хабарлаймыз «Орда» басылымына сілтеп.

Атырауда бассейнге барған 13 бала хлордан уланып, ауруханаға түсті
Фото: ашық дереккөз

Төтенше жағдай шілденің аптабында адамдар салқындау үшін барған бассейнде болған. Куәгерлердің айтуынша, хлорлау жүйесі кенеттен іске қосылып, залда өткір иіс жайлаған. Су күңгірт-сары түске боялып, балалар жөтеліп, тұншығып, су ішінде есінен тана бастаған.

— Баламның өңі бозарып кетті, аяқ-қолы мұздап қалды. Тұншығып жатты. Айқайласам да, жанымда бірде-бір қызметкер болған жоқ, — дейді Алтынгүл Наушабаева.

Басқа ата-аналар да балаларын судан өздері шығарып алғандарын айтады.

— Ұлым еденге отырып қалды, тынысы тарылып кетті. Күйеуім арқасынан ұрып, дем алдыруға тырысты. Су түсін өзгертті. Ата-аналар балаларын қолына алып, бассейннен жаппай жүгіріп шықты. Адамдар шулап, бұл тозақты жапсын деп айқайлады, — дейді жәбірленуші балалардың бірі Ақбаян Бисенғалиева.

Алғашында 14 адамның зардап шеккені айтылған, кейін олардың саны 15-ке жетті. Балалар хлор буымен уланған. Үшеуі жансақтау бөліміне түсті.

— Балаларға "ингаляциялық улану" диагнозы қойылды. Қазір барлығының жағдайы тұрақты, үйлеріне шығарылды, — деп мәлімдеді облыстық балалар ауруханасы.

Жүйе неге істен шықты?

Бассейн өкілі Ерік Ботақановтың айтуынша, сол күні ғимаратта бірнеше мәрте жарық сөніп, генераторға қосылғанда техникалық ақау орын алған. Соның салдарынан суға әдеттегіден көп мөлшерде хлор қосылып кеткен болуы мүмкін.

— Біз кінәні жоққа шығармаймыз. Қазір ішкі тексеру жүргізіп жатырмыз. Бассейн уақытша жабылды, — деді ол.

Алайда ата-аналарды алаңдатқан басты сұрақ – мұндай лицензиясы бар, үнемі халық барып жүрген бассейнде неге апаттық хлор жүйесі жұмыс істемеді? Техникалық тексерулер уақытылы өтті ме? Төтенше жағдай кезінде неге бірде-бір қызметкер болмаған?

Бұл жағдай тек бір бассейннің ғана емес, бүкіл өңірдегі осындай нысандардың қауіпсіздігін қайта қарау қажет екенін көрсетіп отыр.

Санитарлық бақылау органдары әзірге нақты жауап берген жоқ. Тергеу жалғасуда.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату