Алматыда жүк краны мен автобус соқтығысып, 23 адам зардап шекті
Алматыда МАЗ маркалы жүк краны мен жолаушылар автобусы қатысқан ірі жол апаты болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерге тарап кетті.
Апат 14 шілде күні кешкі сағат 18:10 шамасында Алатау ауданына қарасты Бурундай тас жолында болған.
Полицияның мәліметінше, МАЗ краны шығыс бағытта келе жатқан. Жүргізуші тізгінге ие бола алмай, алдымен Mercedes пен KIA көліктеріне соқтығысқан. Артынша қарсы бағытқа шығып кетіп, Yu-Tong маркалы жолаушылар автобусы мен Subaru көлігіне соғылған.
Жол апаты салдарынан автобус жолаушылары мен KIA Sportage жүргізушісі түрлі жарақат алған. Барлығы 23 адамның зардап шеккені хабарланды.
«Аталған жағдай бойынша тергеу басталды. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2 маусым күні «Самал» ықшамауданында автобус электронды табло тіреуіне соғылып, бірнеше жолаушы жарақат алған болатын. Сол кезде мектеп оқушысы Алуа ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылды.