Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Картада жаңа мемлекет пайда болды: Жаңа Каледония туралы не белгілі?

Парижде Франция үкіметі мен Жаңа Каледония архипелагының тұрғындары арасында келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, жаңа мемлекет құрылып, архипелаг автономия алады.

Картада жаңа мемлекет пайда болды: Жаңа Каледония туралы не белгілі?
Фотолар: ашық дереккөзден

Бұл туралы Twitter-де Франция президенті Эммануэль Макрон хабарлады. Оның сөзінше, Жаңа Каледония өкілдерімен келіссөз он күнге созылған.

Енді Жаңа Каледония француз азаматтығымен қатар өз азаматтығын енгізіп, сыртқы саясатын дербес жүргізе алады. Басқа елдер Жаңа Каледония мемлекетін мойындап, архипелаг олармен халықаралық қарым-қатынас құра алады. Дегенмен Жаңа Каледония Францияға ішінара тәуелді болады.

Елдегі ақша бірлігі (еуро), қорғаныс және сыртқы ірі саяси шешімдер Францияның бақылауында қалады.
Келісім бойынша нақты шешім 2026 жылы қабылданады. Ол үшін Франция парламенті Конституцияға тиісті түзетулерді енгізіп, құжатты мақұлдауы қажет. Ал Жаңа Каледонияда 2026 жылы референдум өтеді.

Жаңа Каледония — Тынық мұхитындағы архипелаг. XIX ғасырдың ортасынан бері француз иелігінде. Worldometers.info дерегінше, 300 мыңға жуық тұрғыны бар. Астанасы — Нумеа қаласы.

Бұған дейін ел тәуелсіздігі туралы 2018, 2020 және 2021 жылдары референдум өткен. Бірақ сайлау нәтижесінде архипелаг Франция құрамында қалды.

2024 жылы Жаңа Каледонияда сайлау заңына енгізілген өзгерістерге қарсы жаппай наразылық болды. Бірнеше адам қаза тауып, 300-ден астамы жараланды. Франция билігі архипелагта төтенше жағдай жариялап, қарулы күштерін жіберді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату