Орталық ерте жастағы балалар мен жүкті әйелдерді бақылаудың жаңа моделін іске асыру аясында құрылды. Оның негізгі мақсаты — медициналық және әлеуметтік қатерлерді уақтылы анықтау және оларды азайту.
Орталық аясында кешенді тәсіл жүзеге асырылады: жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға патронаж жүргізіледі, физикалық және жүйке-психикалық даму скринингі, оның ішінде аудиологиялық және психофизикалық тексеру өткізіледі. Сонымен қатар, аутизм белгілерін ерте анықтау үшін модификацияланған M-CHAT-R тесті қолданылады.
Әлеуметтік осал жағдайда өмір сүріп жатқан отбасыларға және дамуында ауытқуы бар балаларға ерекше назар аударылады. Бақылау мен сүйемелдеудің жеке бағыттарын қалыптастыру қарастырылған, бұл үшін әртүрлі сала мамандарынан құралған мультидисциплинарлық топ тартылатын болады.
Павлодар қаласында ЕАДО-ның ашылуы ауқымды жобаның алғашқы кезеңі болып табылады. Алдағы уақытта осындай орталықтарды облыстағы барлық емханалар мен аудандық медицина ұйымдарында ашу жоспарлануда.