Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 маусым, 2025 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

Қазақстандық шұлық фабрикасы ЭКА көмегімен экспорт көлемін арттырып жатыр

Шымкент қаласындағы ALEM-BT шұлық фабрикасы экспортталатын өнім көлемін арттырып жатыр. Бұл мақсатта «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр,- деп хабарлайды newsroom.kz

Қазақстандық шұлық фабрикасы ЭКА көмегімен экспорт көлемін арттырып жатыр

Шымкенттік кәсіпорын Агенттік ұсынған экспорттық несиені сақтандыру құралын пайдаланып, Ресей Федерациясындағы жаңа сауда желісімен серіктес болды. Екіжақты келісімшарт аясындағы сақтандыру сомасы – 149,5 миллион теңге.

«ALEM-BT Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі портфеліне қосылған жаңа клиент болып отыр. Фабрика бізбен экспорттық несиені сақтандыру келісімшартын жасасып, тауарын төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігімен импорттаушы елге еш алаңсыз жөнелтті. Осы ретте импорттаушы жөнелтілген тауар үшін төлемді уақытылы жасамаса, экспорттаушы сақтандыру өтемін алу үшін Агенттікке жүгіне алады. Біз барлық клиентті жеке дара қарастырып, әрқайсына тиімді құралдар ұсынамыз», – деді Айнұр Әнесова, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің аймақтық менеджері.

ALEM-BT – еліміздегі ең ірі шұлық фабриксы. Компания 2015 жылдың желтоқсанында Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аумағында құрылған.

Бүгінде кәсіпорын 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыт айына 2,5 миллион өнім өндіреді.  Мұнда ерлер мен әйелдерге және балаларға арналған 200-ден астам шұлық түрін шығарады.

2025 жылы ALEM-BT өндіріс қуаты Қазақстан нарығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Компания басшылығы алдағы уақытта жаңа нарықтарға шығып, қолда бар көрсеткішті екі еселеуді көздеп отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, Агенттік отандық экспорттаушыларға 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 333,3 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетті. Экспорт алдындағы және экспорттық сауданы қаржыландыру көлемі жалпы соманың 43 миллиарды болды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату