Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
2 маусым, 2025 / Аман ШАМАР / Аймақтар

Алматылықтардың құқықтық санасы артып келеді

Алматылықтардың құқықтық санасы артып келеді

Алматылықтардың құқықтық санасы артып келеді
Фото: dknews.kz

Алматы қаласында салауатты өмір салты мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның нәтижесінде болар, соңғы кезде алматылықтардың құқықтық санасы артқаны байқалады.

Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және қоғамда адалдық қағидаттарын қалыптастыру сынды маңызды мақсаттарға қол жеткізу үшін жергілікті билік пен мемлекеттік құрылымдар бірлесіп нақты қадамдар жасап жатыр. Бұл ретте алкоголь мен темекі өнімдеріне тәуелділікпен күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру және «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыру бағыттары айрықша маңызға ие.

Алматы қалалық полиция департаментінің учаскелік инспекторы Нұржан Әлиев соңғы жылдары қалада қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүріп жатқанын айтады.

– Әсіресе, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының аясында қолға алынған бастамалар өз тиімділігін көрсетіп келеді, - дейді ол. – Қазір полиция жұмысы бұрынғыдай тек қылмысқа қарсы әрекет етумен шектелмейді. Біз үшін ең басты басымдық – алдын алу, түсіндіру, қоғаммен ашық қарым-қатынас орнату. Қала көшелерінде орнатылған бейнебақылау камералары, «Сергек» жүйесі, тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ететін мобильді қосымшалар – осының айғағы. Құқықбұзушылықтың саны азайып келеді, бұл – халықпен бірлескен жұмыстың жемісі. Сондай-ақ, біз жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында мектептер мен колледждерде тұрақты түрде кездесулер өткіземіз. Алкоголь мен темекіге тәуелділіктің зардабын түсіндіру, заң алдындағы жауапкершілік туралы ашық әңгімелер жүргізу – бұл біздің күнделікті жұмысымыздың бір бөлігіне айналды.

Алматыда құқық қорғау органдарының жұмысы ашық, түсінікті, әрі тұрғындардың сеніміне негізделген болуы тиіс деп есептеймін. Соңғы жылдары азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі артып келе жатқанын байқап отырмыз. Көптеген тұрғындар өз мәселесін жасырып қалмай, бірден бізге жүгінеді, арыз жазады, ұсыныс айтады. Бұл – қоғам мен полиция арасындағы сенімнің нығайғанының белгісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те біздің күнделікті қызметіміздің маңызды бағыты. Өз қатарымызда да тазалықты сақтауға, әріптестеріміздің тәртібі мен әдебіне назар аударуға міндеттіміз. Әрбір полиция қызметкері халыққа қызмет ететінін түсінуге тиіс. Қысқасы, Алматыда қауіпсіз, әділетті және сенімді қоғам қалыптасып келеді. Бұл жолда біз, құқық қорғау қызметкерлері, бар күшімізді саламыз. Халықтың тыныштығы – біздің басты міндетіміз, ал тұрғындардың сенімі – ең үлкен марапатымыз.

Расымен де, соңғы жылдары Алматы қаласында зиянды әдеттерге, әсіресе алкоголь мен темекі өнімдеріне қарсы күрес шаралары күшейтілді. Қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу, жасөспірімдерге темекі мен алкоголь өнімдерін сатуға қарсы бақылау шараларының артуы – осының дәлелі. Әкімдік пен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы арқасында қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқықбұзушылықтар азайып келеді. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары, семинарлар, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Денсаулық сақтау мекемелері мен қоғамдық ұйымдар да бұл бағыттағы жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Қаланың әр ауданында салауатты өмір салтын насихаттайтын «Темекісіз орта», «Таза тыныс», «Денсаулық фестивалі» сияқты әлеуметтік жобалар тұрақты түрде өткізіліп жүр.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес те Алматы қаласының дамуындағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Бұл күрес тек жазалау шараларымен шектеліп қалмай, қоғамда парасаттылық пен адалдық мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылуда. Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған «Адалдық сағаты», «Парасат жолы», «Саналы ұрпақ» жобалары арқылы жастар бойына әділеттілік пен заңға бағынушылық қағидаттары сіңірілуде. Мемлекеттік мекемелерде ашықтықты қамтамасыз ететін жобалар іске асырылып, «Ашық әкімдік» форматындағы қабылдаулар, электронды қызмет көрсету жүйелері мен қоғамдық бақылау механизмдері дамытылып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік көзқарасты күшейтуде.

Осы бағыттағы жұмыстар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасымен ұштасып жатыр. Бұл жоба Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығын, құқығы мен мүлкін қорғауға бағытталған. Алматыда бұл бастама аясында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайларға дайындықты арттыру, жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік салаларын қамтитын кешенді шаралар қолға алынған. Қаланың барлық аудандарында бейнебақылау жүйелері орнатылып, полиция қызметкерлерінің жедел әрекет ету мүмкіндігі күшейтілді. Аулаішілік қауіпсіздік жүйелері, жол қиылыстарына қойылған «Сергек» камералары, тұрғын үйлерге енгізілген қауіпсіздік стандарттары – мұның бәрі қала өмірінің қауіпсіз әрі тұрақты болуына жағдай жасап отыр. Сонымен қатар, тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түрлі мобилді қосымшалар арқылы полициямен жылдам байланыс орнату мүмкіндігі қарастырылған.

Алматы қаласында атқарылып жатқан бұл шаралар елдегі жалпы қоғамдық сана мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді, жүйелі саясаттың көрінісі. Алкоголь мен темекіге қарсы күрес, сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған профилактикалық шаралар және «Қауіпсіз ел» жобасы – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, денсаулығын сақтауға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға арналған маңызды қадамдар. Қаланың әрбір тұрғыны үшін бұл бастамалар өмірге деген сенімді нығайтып, әділетті әрі қауіпсіз қоғам құруға жол ашуда.

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату