Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қарашығанақтағы ГПЗ жобасы шетелдіктерден алынып, мемлекетке өте ме?

Қазақстан Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеу зауыты (ГПЗ) құрылысы жобасы бойынша шетелдік инвесторлармен ынтымақтастығын қайта қарауға шешім қабылдады. Бұл туралы 2 шілдеде Энергетика министрлігі ресми хабарлады.

Қарашығанақтағы ГПЗ жобасы шетелдіктерден алынып, мемлекетке өте ме?
Фото: КМГ

Ведомство мәліметінше, жобаны қазіргі өнім бөлісу туралы келісім (ӨБК) аясында іске асыру форматы қайта қарастырылуда. Енді бұл жоба мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен, ӨБК-ден тыс жаңа тетіктер арқылы жалғасуы мүмкін.

Болжам бойынша, жобаны «ҚазМұнайГаздың» басқаруына беру жоспарланып отыр.

Бұған дейін Қазақстан билігі Shell мен Eni компанияларынан жобаны КМГ-ға тапсыруды талап еткен. Upstream басылымы таратқан дерекке сүйенсек, шетелдік серіктестер жобаның бір бөлігін мемлекет есебінен қаржыландырғысы келіп, газға байланысты арбитражды тоқтатуды ұсынған. Алайда бұл ұсыныс үкімет тарапынан қолдау таппаған.

Қазақстан тарапы шетелдік инвесторларға ресми хат жолдап, құрылысты тоқтатуды талап еткен. Соған қарамастан, зауытты салып жатқан Hyundai Engineering мен Sicim консорциумы жобадан шеттетілмейді деген болжам бар. Қаржыландырудың бір бөлігі Ұлттық қордан алынуы мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстан мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумы арасындағы келіспеушіліктер бұрыннан байқалған. Eni мен Shell бастапқыда зауытты 2028 жылы тапсырамыз деп уәде берген, бірақ кейін мерзімді 2030 жылға шегеріп, жобаның құнын 6 млрд долларға дейін ұлғайтқан.

Сонымен бірге, шетелдік инвесторлар ел ішіндегі газ бағасының төмендігі олардың шығынын ақтамайды деп, миллиардтаған доллар көлемінде өтемақы талап еткен.

Биыл мамырда «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов зауыт құрылысының барысына көңіл толмайтынын ашық айтқан. Оның сөзінше, Қазақстан бұл жобаны шетелдік инвесторларсыз жүзеге асыру нұсқасын да қарастырып жатыр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату